Балалар

Психолог-ұстаздар семинары

 

 

Семинар-кездесуде балалар мен жасөспірімдердің ішкі күйзелісімен күресудің әдіс-тәсілдері талқыланды. Мұндай маңызды тақырып аясында айтылған пікірлер мен пайдалы кеңестерді тыңдауға қаламыздың 50-ге жуық психолог-ұстазы келді. Жас мамандармен адам жүйкесінің тепе-теңдігін сақтауға қатысты қызықты ақпараттарымен еліміздің ең тәжірибелі психиатр-дәрігерлері мен отбасы психологтары бөлісті.

Жанбота Әбдірахманова, отбасы психологы, Астана қаласы:
-Біздің бүгінгі семинарда көтеретін тақырыбымыз мектептегі және отбасындағы психологиялық қызметтің маңызы. Яғни, күйзеліске ұшырағандарға нақты қандай көмек көрсету керек және олармен әрі қарай қандай жұмыстар атқару қажет, соны әңгіме етеміз.

Бұл тақырып тек қана сөз жүзінде талқыланып қойған жоқ. Адамның жүйке жүйесі сыр берген жағдайда оның көңіл-күйін реттеуге болатын тың әдіс-тәсілдер көрсетілді.

Берік Ракушев, “Шаңырақ” әлеуметтік-психологиялық және зерттеу орталығы” қоғамдық қорының директоры:

-Әдістемелік құралдың электрондық нұсқасын әкелдік. Бірақ та толық емес.

Солтүстікқазақстандық психолог- мамандарға ұсынылған әдістемелік құрал толық болмаса да, оның алғашқы нұсқасы көптің көңілінен шықты. Әсіресе жас мамандар үшін таптырмас көмекші болатыны ақиқат.

Әсел Қаршалова, қалалық классикалық гимназияның психолог ұстазы:
-Жалпы бүгінгі семинарда көрсетілген әдістемелік құрал өте жоғары дәрежеде дайындалған екен. Яғни, біздер үшін жас мамандар үшін депрессияға, стресске шалдыққан балалармен жұмыс істеуге өте зор көмегін тигізеді деп есептеймін.

Жергілікті денсаулық сақтау орталығы өкілдерінің айтуынша жастардың күйзеліске ұшырауына олардың сырқаттары да себеп болатын көрінеді. Мәселен, 2011 жылы елімізде кең ауқымды скринингтік зерттеу жұмыстары жүргізілген екен. Оған 18-ге дейінгі 104 мыңнан астам жасөспірім қатысқан. Тексеріс барысында өскелең ұрпақтың 17,9 пайызының түрлі ауруға шалдыққаны анықталған.

 Лариса Беляева, СҚО салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры:
-Бірінші науқастар тобына көзі нашар көретіндер жатады. Екіншісіне жүйке жүйесі тозғандар кіреді. Сонымен қатар омыртқасы қисайғандардың қатары қалың. Мұндай балалар көбіне өзіне деген сенімнен айырылып, сыртқы ортамен араласпай кетеді. Кейін ондай баланың психологиялық тепе-теңдігі бұзылады.

Өзінің денсаулығына қатысты  кедергілердің салдарынан бұғып қалған жеткіншектер моральдық қолдауды аса қажет етеді. Өкінішке қарай ата-аналар уақыт тығыздығынан баласының хал-жағдайына қарайлай бермейді. Бұл ретте біздің қалада күйзеліске душар болған жастарды тыңдайтын, әрі оларға кеңес беретін орталықтар ашылуда .

Лариса Беляева, СҚО салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры:
-2011 жылдың маусым айында 3 қалалық аурухана жанында  “Жастар денсаулық орталығы” ашылды. Мақсат жеткіншектерге психологиялық және медициналық көмек көрсету. Онда психолог, гинеколог және уролог мамандары жұмыс істейді. Кеңестерді құпия түрде өткізеді.

Бүгінгі семинар облыс бойынша әлі де жалғасын таппақ. Мұндай тақырыптағы кездесулер өңір аудандарында да ұйымдастырылады.

 Гүлден Төлеген