Қоғам

Белсенді әйелдер мектебі

Нәзікжандылардың елдің саяси өміріндегі рөлін арттыру, әйелдердің өз ұсыныстарын ашық білдіруіне жол ашу. «Әйелдер көшбасшылығы мектебінің» басты мақсаты мен алға қойған міндеті де осы. Бұл бағытта атқарылған істер аз емес. Алайда аталмыш мектептің кеңейтілуі жаңа мүмкіндіктер ашпақ дейді іскер әйелдер.

Бахытжан Сәмиева, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы:
-Іскер әйелдер қауымдастығы бірқатар шараларды қолға алды. Әлеуметтік дүкен ашуға атсалыстық. Қайрымдылық – біздің басты бағыттарымыздың бірі. «Әйелдер көшбасшылығы мектебі» нәзікжандыларға зор мүмкіндіктер ашады деп ойлаймын.

Нәзік жандылардың дені – денсаулық сақтау, білім беру саласында еңбектенуде. Отбасы, ошақ қасында отырғандар да аз емес. Ал Парламент депутаттығындағы әйелдердің үлес салмағы тек 13,6 пайызды құрап отыр. Облыстық мәслихатта да бұл көрсеткіш тек 13 пайыз.

Қайрат Пшенбаев, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Еліміздің жалпы тұрғындар санының 52 пайызын әйелдер құрап отыр. Бұған қарамастан мемлекеттік билік органдарындағы нәзік жандардың үлес салмағы  аз. Мемлекеттік лауазым жоғарылаған сайын бұл қызметтегі әйелдердің саны да азая түседі.

Сондықтан жиында әйелдердің көшбасшылық қабілеттерін арттырып, қоғамдағы беделін асыру бағытында атқарылатын жұмыстар талқыланды. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда  «Әйелдер көшбасшылығы мектебінің» маңызы зор.

Майра Сибанова, Жамбыл аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы:
– Мен Жамбыл ауданы іскер әйелдерінің атынан бұл мектептің жұмысын қолдаймын. Біздің ұйымда 50-ден астам мүше бар.

«Әйелдер көшбасшылығы мектебінде» білімін жетілдірген 40 нәзік жандының 25-сі саясаткер-әйелдер клубының мүшелігіне өткен.  

 

Инеш Шоқақова