Аптадағы маңызды жаңалықтар

Алаяқтар ұялы байланысты жиі пайдаланады

 

Облысымызда соңғы он айда 928 қылмыс тіркелсе, Петропавлда осындай 619 факті орын алған. Бұның барлығы ұялы телефон арқылы жасалған қылмыс. Бүгінде талай азаматтың тыныштығын қашырған алаяқтардың қатары толығып келеді.

Қанат Айтбаев, СҚО ІІД криминалдық полиця басқармасының бастығы:

-Үстіміздегі жылы телефон арқылы қоңырау шалып, алаяқтыққа қатысты фактілер жиі тіркелетін болды.Олардың басым бөлігі бір әдіс – тәсілмен жасалады. Көбіне алаяқтардың құрығына аға толқын өкілдері ілігуде. Заңды түрде тіркелмеген нөмірлер алаяқтарға таптырмас дүние болып тұр.

Қылмыстық істер бойынша өтетін барлық ұялы телефондар ішкі істер департаментіндегі «нөмірлік заттар» мәліметтер қорына енгізіледі. Ал, нөмір желілік байланыстың базасына тіркелмеген болса, қылмыскердің қай жерде кіммен сөйлесіп тұрғанын анықтау қиындық туғызады. Байланыс компанияларының өкілдері қазіргі күні тіркелмеген нөмірлерді сатуды доғарған. Бірақ, оның да көмегі шамалы болып тұр.

Рафаил Тюменев, СҚОФ «Кар-Тел » ЖШС директоры:

-Кез-келген нөмірді теру арқылы абоненттермен тілдесіп, өтірікті шындай қылатын алаяқтардың қатары қалың. Олар тұрғындарға түрлі мазмұндағы хаттарды жолдап, ақша аударуды талап етеді. Егер біздің байланыс желісі арқылы біреуді біреу бопсалағысы келсе, біз ол адам жайында құқық қорғау қызметкерлеріне мәлімет бере аламыз.

Брифингте сондай-ақ үстіміздегі жылдың шілдесінде Айыртау ауданында «Кар – Тел» байланысы кабелінің қолды болғаны да көтерілді. Онда айыртаулық тәртіп сақшылары қырағылық танытып, ұрылар құрықталған болатын. Осыған байланысты бүгінгі кездесуде аталмыш байланыс компаниясы Айыртау аудандық полиция бөліміне екі ноутбукты сыйға тартты. Тәртіп сақшылары азаматтарға телефон шалған алақтың жетегінде кетпей, ең алдымен ақпаратты мықтап тексеріп алу қажеттігін айтады.

Жандос Наурызбаев