20 игі іс

Ел мерейтойы қарсаңында армандар орындалуда

 

 

 

Алғашқылардың бірі болып әлеуметтік қолдауға ІІ топ мүгедегі Юлия Мартынив ие болды. 22 жастағы қыз кішкентайынан кітапхана қызметкері болуды армандап келеді. Алайда денсаулығының кесірінен ЖОО түсе алмай төрт қабырғаға таңылып отыр. Сондықтан бойжеткен компьютер алып, қашықтықтан оқысам дейді. Юлияның бұл ойын жүзеге асыруға аудан әкімі көмектесті.

Юлия Мартынив, ІІ топ мүгедегі:
-Мен өздігімнен сыртқа шыға алмаймын. Оған шамам келмейді. Сондықтан қашықтықтан оқытатын Астаналық ЖОО-ның біріне түссем деймін. Енді ол арманым жүзеге асады деп сенемін. Себебі әкімдік маған компьютер сыйлады. Жақында оны ғаламторға да қосып бермек.

«20 игі іс» бағдарламасы Ұлы Отан соғысының ардагері Николай Назаренконы да айналып өтпеді. 85 жастағы қария жалғыз басты. Үй шаруаларымен өзі айналысады. Алайда соңғы жылдары аяқтары сыр беріп, далаға шығып тұруы қиындап кеткен. Ақсақалдың бұл жағдайын ескерген жергілікті әкімдік Николай атайдың баспанасына коммуникация жүргізіп берді.

Николай Назаренко, Ұлы Отан соғысының ардагері:
-Далада септик орнатылған. Мына жерден су өткізді. Дәретхана да үйде. Барлығы ыңғайластырылған. Рахмет.

Николай Назаренконың көршісі Әділхан Манкей де Ұлы Отан соғысына қатысушы. 93 жастағы ардагер  балалары, немере, шөберелерімен бірге тұрады. Өткен жылы үй суық тартып, отбасы қиындық көрген екен. Енді міне, биыл пешке жаңа қазандық орнатылып, үйге береке келгендей.

Әділхан Манкей, Ұлы Отан соғысының ардагері:
-Үйге пеш орнатты, жақсы істейді. Тек үйімізге тағы біршама жөндеу керек. Төбемізді жаңарту қажет. Үй қабырғаларын сылап жіберсе деймін.

«20 игі іс» бағдарламасы Қызылжар ауданында әлі де жалғасын таппақ. Мәселен, жақында тағы бірнеше ардагерге отын жеткізіліп, телефон желісі өткізілмек. Ал Вагулино ауылының кітапханасы жаңа әдебиеттермен толықпақ.

Гүлден Төлеген