ТЖ

Құтқарушылар он айды қорытындылады

Өрт оқиғаларының көбеюіне тұрғындардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауы  – басты себеп. Мұның кесірінен облыста соңғы 10 айда 599 рет от шығып, 44 адамның өмірін қиған. Өрт негізінен жеке меншік тұрғын үйлерде шығады дейді мамандар.

Денис Шуваев, СҚО ТЖД бөлім бастығы:
– Соңғы 10 айда тұрғын үйлерде 494 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл жалпы өрттің 82 пайызын құрап отыр. Тілсіз жаудың құрбаны болған тұрғындардың дені зейнеткерлер мен уақытша жұмыссыз жүрген азаматтар. Бұл көрсеткіш өрттен зардап шеккендердің 63 пайызын құрап отыр.

Сондай-ақ тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында 648 білім ошағы тексеріліп, 2 мыңнан астам олқылық анықталған. Мұндай жұмыстар тұрғын үйлерде де жүйелі түрде жүргізілуде.

 Асқат Ержанов, СҚО ТЖД қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы :
– Биыл Петропавл қаласында 187 өрт оқиғасы тіркеліп, 11 млн теңгеден астам залал келтірілген. Тұрғын үйлердің басым бөлігі пеш арқылы жылытылады. Бұл өрт оқиғаларының шығу себептерінің бірі болып табылады.

Қыс қаһарына мінгенде ұзақ жолға шығу да қауіпті. Биыл жолдарды қардан тазартуға 3 375 арнайы жол техникасының күші жұмылдырылмақ. Жолдарда бірнеше бағыт бойынша патрульдік қызмет жұмыс істейтін болады.

 Асхат Бақышев, СҚО ТЖД бөлім бастығы:
– Қыс мезгілінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы бірқатар шаралар қолға алынды. Республикалық және облыстық маңызы бар автокөлік жолдарында жылыту бекеттері орнатылатын орындар белгіленді.

Сонымен қатар өзен-сулардағы мұздың қатуы тұрғындардың өміріне қосымша қауіп төндірмек. Мұз әлі  жұқа болғандықтан, мамандар әсіресе, балаларға бас-көз болу керектігін ескертеді.

Инеш Шоқақова