Құқық қорғау органдары

Полиция мұражайы

 

 

22 жылдық тарихы бар мұражай шежіреге бай. Мұнда облыс полициясының өткен тарихы толық қамтылған. Петропавл бекінісі құрылған 1807 жылы ең бірінші қала тәртібін қадағалаушы пайда болған екен. Кейін 1917 жылы ғана жұмысшы милициясы деген мемлекеттік қызмет енгізіліпті.

Любовь Осинская, СҚО ІІД мұражайының меңгерушісі:
-Ол кезде пулемет, тапаншамен қаруланған қылмыскерлерге қарсы милиция жалаң қолмен күресті десе болады. Өйткені милиция қызметкеріне тек қылыш пен найза берілетін. Жақсы қаруланған қылмыстық топпен өткен ұрыстардың бірінде 58 тәртіп сақшысы қаза болды деген құжат мұражайымызда бар. Сол уақытта қылмыскерлерден тәркіленген қару-жарақтар да бізде сақталған.

Павел Мезенцев жайлы ақпарат мұражай төрінен орын тепкен. Ұлы Отан соғысында жаумен алысып, ерлігі үшін 4 бірдей орденмен марапатталған ардагер бейбіт елде қылмысқа қарсы күрес жүргізеді. Сөйтіп ол милицияда 42 жыл қызмет етіп, 2 орденмен марапатталған.  

Любовь Осинская, СҚО ІІД мұражайының меңгерушісі:
– Өңіріміздің ІІО-да ондай жандар көп. Қызметінде ерекшеленген тәртіп сақшыларын өскелең ұрпақ пен полицейлер үлгі тұтсын деп жеке заттары мен құжаттары, наградаларын жинадық. Бірінші залда Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейінгі құқық қорғаушылардың тарихымен танысуға болады. Негізінен жәдігерлер мен құжаттардың түпнұсқасы қойылған.

Бір зал егеменді елдің тыныштығын сақтайтын полиция қызметіне арналған. Қай уақытта болмасын тәртіп сақшыларының мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті сақтау. Қызмет бабында қаза тапқан  тәртіп сақшылары жайлы ақпараттарды да осы жерден табуға болады.

Любовь Осинская, СҚО ІІД мұражайының меңгерушісі:
– Полиция майоры Алексей Щербаков 1991 жылы қылмыскерді ұстамақ болып қаза тапты. Ол облысымызда жеке ерлігі үшін орден алған жалғыз полицей. Жалпы соңғы 20 жылда өңіріміздің 4 көшесіне қызмет бабымен ерлікпен қаза тапқан жерлесіміздің есімдері берілді.

Облыс аумағында қоғамды дүр сілкіндірген аса ауыр қылмыстар жайлы да мұражайда ақпараттар бар. Оқиғаға қатысты тұлғалар жайлы материалдар мен айғақ заттар жәдігер ретінде тізілген.

Александр Дёров, Петропавл қалалық ІІБ кадрлық қызмет бөлімінің бастығы:
-Ел тәуелсіздігін алғалы жыл сайын біздің материалдық техникалық база жаңартылады. Озық үлгідегі жабдықтар қылмыспен тиімді күресуге септеседі. Ақпараттық жүйеміз жаңартылып тұрады. Биылғы жылдың өзінде қылмыс орнына жылдам жету үшін өзге де заң бұзушылықтардың алдын алуға үлкен көмекші болған 20 жаңа автокөліктің кілтін алдық.

22 жылдың ішінде 4 мыңнан астам құнды жәдігер қойылған мұражайда 1,5 мыңға жуық экскурсия ұйымдастырылыпты. Осы жылдарда барлығы 23 мыңнан артық адам мұражайды тамашалапты.

Жеңіс Ермұқанов