Мәдениет

Мағжан шығармашылығының фестивалі

 

 

Мағжан Жұмабаев – қазақ поэзиясындағы жарық жұлдыздардың бірі. Қазақ әдебиетінің классигі Мағжанның шығармашылық мұрасын насихаттаудың маңызы зор. Басқосуға зиялы қауым өкілдері, жазушылар мен мағжантанушылар келді. Конференцияда ақын, қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов Мағжанға арналған жыр шумақтарын оқыды. Басқосуда алты алаштың ардақтысы Мағжанға арналған «Адассам, елім деп адастым» деген кітаптың таныстырылымы болды. Аталмыш туындының авторы – Роллан Сейсенбаев. Екі томнан тұратын жинаққа Мағжанның жырлары енген.

 Роллан Сейсенбаев, жазушы, драматург:

– Қазір үлкен кітап шығарып жатырмын. “Адассам, елім деп адастым” деген.  Соның ішінде өз ойымды, сөзімді жеткізейін деп едім. Ол кітап “Абай” клубынан , өз атымнан сіздерге, еліме деп білдірген құрметім.  

Шара аясында ақындардың да мүмкіндіктері сараланбақ. Өнер бәйгесіне қатысуға еліміздің түкпір – түкпірінен үздік деген 15 үміткер келген. Олар “Мәнерлеп оқу”, “Ақындық” және “Композиторлық”  атты 3 номинацияда сайысқа түспек. Солардың бірі – Қаламқас Телеуова. Бұл бәсекеде ол  Қызылорда облысының намысын қорғамақ.

 Қаламқас Телеуова, байқауға қатысушы, Қызылорда облысы:

-Келген сапарымыз рухани күш беріп отыр. Жақсы әсер алдық деп айтуға болады.Және де өзіміздің білген, көргенімізді елімізге, облысымызға жеткіземіз деп айта аламын. Мен М.Жұмабаевтың «Сарғайдым» өлеңін ертеңгі фестивальде тарту етпекпін.

Ал, Ақтөбе облысынан келген Гүлжайнар Қалдина – ақындық номинациясында өз өнерін паш етпек. Сайыскер республикалық деңгейде ұйымдастырылып отырған байқауға тұңғыш рет қатысқалы тұр екен.

 Гүлжайнар Қалдина, байқауға қатысушы, Ақтөбе қаласы:

-Қара сөздің қаймағын қалқып ішкен, қара өлеңнің киесі қонған ағаларымыз да қатысып отыр екен. Солармен бірге бәйгеге түсу мен үшін үлкен мәртебе.  

Мағжанның шығармашылығына бас ие келген үміткерлер өз бақтарын ертеңгі республикалық байрақты бәсекеде сынайтын болады.

Жандос Наурызбаев