Қылмыс

Көктайғақта жарақат алғандар көбейді

 

 

Көктайғақтың азабын 70 жастағы зейнеткер Валентина Гупалова да тартып үлгеріпті. Қария қарашаның 5-і күні құрбысының туған күніне жиналып, сыйлыққа гүл алмақ болады. Алайда, бейнет аяқ астынан демекші, үйінің ауласынан асып үлгерместен мұзға тайып жығылған. Қария сол қолына салмақ салса керек, иығын шығарып алыпты.

 Валентина Гупалюк, науқас:
-Мен шашымды сәндеп, ең әдемі көйлегімді киіп, құрбыма бара жатқан едім. Кенеттен аяғым тайып жерге құладым. Енді міне ауруханада жатырмын. Дегенмен тәуір болып қалған сияқтымын.

Осылайша Валентина Гупалова құрбысының қуанышына ортақтаса алмады. Сондықтан ең жақын құрбысының халін білуге той иесінің өзі келіпті.
Бүгінгі таңда ауруханада дәл осындай жағдаймен жатқан 100-ге жуық адам бар.

 Артем Колесник,  № 3 қалалық аурухананың жарақат бөлімшесінің ортопед-сынықшысы:
-Суық күндердің басталуымен біздің бөлімшеге күніне 30-40 адамнан келетін болды. Олардың көбі қол-аяқтарын шығарып немесе сындырып алғандар. Сонымен қатар денесін үсік шалғандардың қатары да қалың.

Көктайғақ жаяу жүргіншілермен қатар автокөлік иелеріне де қиындық туғызуда. Жол полициясы басқармасының айтуынша, қарашаның басынан бері облысымызда 8 көлік апаты орын алыпты. Тәртіп сақшылары олар мұндай қиындыққа өздерінің жауапсыздығынан тап болды дейді. Себебі бұл жүргізушілер темір тұлпарларын қыс мезгіліне дайындамапты.

Совет Исманов, СҚО ІІД ЖПБ жол инспекциясы бөлімінің бас маманы:
-Біздің жүргізушілер жылдамдықтарын қадағаламайды. Доңғалақтарының резеңкесін де ауыстырмапты. Бар гәп осында.

Жергілікті тұрғындар коммуналдық қызметтердің немқұрайлығына қынжылуда. Көктайғақтың орын алғанына біраз уақыт болса да, жерге құм төсеу жұмыстары ақсап тұр.
 
-Жолда жүру мүмкін емес. Көктайғақ. Бірдеңе қылу керек.
 -Жолға құм төселмепті. Міне, жүре алмай зорға келе жатырмыз.
-Мынадай көктайғақта жүру мүмкін емес. Бір шара қолдану керек.

Гүлден Төлеген