Денсаулық сақтау

Емдеу мекемелерінің қызмет көрсету сапасы тексерілді



 

 Облыс прокурорларының соңғы тексерісі Айыртау ауданында тегін берілетін дәрі-дәрмектердің жоспарға сай жеткізілмейтінін көрсетіп отыр. 18 препарат уақытынан кеш келсе, 19-ы дәріханалар мен ауруханаларға мүлдем түспепті. Ал Аққайың ауданындағы денсаулық сақтау мекемелерінде құжаттар сәйкесінше толтырылмайтын көрінеді. Дәрігерлер науқастарды тиісінше емдемейді.

Гүлнәз Шәріпова, СҚО прокурорының аға көмекшісі:
– Қызылжар ауданының дәрігерлік амбулаториялары керек-жарақпен жөнді қамтамасыз етілмеген. Қажетті жиһаз бен емдеу құрылғылары жоқ. Ал Шал ақын ауданында 2006 жылы 6 млн теңгеге сатып алынған 3 бірдей құрылғы бүгінге дейін іске қосылмаған.

Бақылаушы орган сондай-ақ жыл сайын оңалмай келе жатқан  енді бір мәселе ауырған адамдардың уақытымен ем алмауы дейді. Тіпті ауыр науқастардың өзі палаталарда орын болмағандықтан, ұзақ уақыт бойы кезек күтуде.

Гүлнәз Шәріпова, СҚО прокурорының аға көмекшісі:
– Жыл басынан емдеуді қажет еткен 1485 адам ауруханаға жатуын 20 күн күткен. 235 сырқаттанушы кезегін 30 күнге дейін күткен. 29 жерлесіміздің шипа аламын деп күткен күндері 1 айдан асып кетіпті. Сондықтан көбі ақылы түрде жекеменшік мекемелерде, не көршілес елдерге шығып емделуге мәжбүр болған.

Тағы бір айта-айта жауыр болған көкейкесті мәселе – маман тапшылығы. Бүгінде өңіріміздің денсаулық сақтау саласына 207 маман қажет екен. Әсіресе бұндай келеңсіз жағдай өңіріміздің түзету мекемелерінде тым өзекті болып тұр. Түрмелер медицина қызметкерлерімен 86 пайыз ғана қамтылған. 164/4 түзету мекемесінің штатында болуы тиіс 4 бірдей дәрігер жоқ. Соңғы үш жылда барлық емдеу шаралары фельдшер мен медбикелердің мойнында.  Өңіріміздің денсаулық саласында анықталған заң бұзушылықтар облыс әкімінің қарауына жіберілді.

Жеңіс Ермұқанов