Мәдениет

Ансамбльдер мен оркестрлер байқауы

 

 

 

Бүгінгі байқауға барлығы 13 ансамбль мен 3 оркестр қатысып, бақ сынады. Қала мектептері мен облыс аудандарынан келген жеткіншектердің басын қосқан өнер додасын облыстық білім басқармасы мен мұғалімдер білімін жетілдіру институты ұйымдастырып отыр. Аталмыш шараның жастарға берер тәлімі мол дейді «Домбырашылар» ансамблінің жетекшісі Кәрібай Құсайынов.

Кәрібай Құсайынов,  «Домбырашылар» ансамблінің жетекшісі:
-Қазір домбыра, күй өнеріне деген қызығушылық соңғы кезде артып отыр. Конкурстар жиі ұйымдастырылып, көбейіп келе жатыр.Қазіргі кезде Құрманғазы атындағы, Махамбет атындағы сынды жаңа конкурстар ұйымдастырылып отыр.

Айыртау ауданының үмітін үкілеп келген «Халық» ансамблі бүгін сахнада Дәулеткерейдің «Қосалқасы» мен халық күйі «Кеңесті» орындады. Ансамбль құрамында өнер көрсетіп жүрген Арман Сапарова байқауға қатысу арқылы тәжірибемізді шыңдаймыз дейді.

Арман Сапарова:
-.Конкурсқа жақсы дайындалдық. Ұйымдастырушымыз Тоты Қазыбайқызы. Сол кісінің арқасында қатысып отырмыз.

Байқау шағын, ірі ансамбль және халық аспаптар оркестрі деген 3 аталым бойынша өтті. Конкурсқа қатысушылардың өнерін тамашалап, баға берген қазылар алқасының мүшесі Қайырлы Ғафуров жастардың кәсіби деңгейінің артқанын айтады.

Қайырлы Ғафуров, «Есіл» халық аспаптар оркестрінің жетекшісі және дирижері:
-Бүгінгі музыкалық байқаудың мақсаты  – мектеп жасындағы балалардың біздің халық өнерінің, соның ішінде домбыра, қобыз аспаптарын үйренуге деген талпыныс, құштарлықтарын арттыру. Ансамль,  оркестрлерді дайындап әкелген жетекшілерге алғысымызды білдіреміз.Бүгінгі байқау жақсы деңгейде өтіп жатыр.

Байқау нәтижесі бойынша қалалық классикалық гимназия атынан қатысқан оркестр «Көк дөнен» күйімен  Ахмет Жұбанов  атындағы гран-приді жеңіп алды.