Қоғам

Қарашаның 6-сы қасиетті Құрбан айт басталды

Ақ түйенің қарны жарылатын мұсылмандардың қасиетті мерекесі – Құрбан айт күні орталық «Қызылжар» мешітіне халық таңсәріден көптеп жиылды. Аллаға құлшылық етіп, садақа беріп, күнәдан арылған жамиғат Айт намазына келуді дәстүрге айналдырған. Құрбан айтта оқылған намаз, берілген садақа жылдың басқа уақытында жасалатын жетпіс парызға тең деседі. Жерлестерімізді мерекемен облыс әкімі Серік Біләлов құттықтады.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  қолдауымен еліміздегі барлық  халық тату-тәтті тұрып жатыр. Биыл бәрімізге ерекше жыл. Солтүстікқазақстандықтар бірігіп жақсы жұмыс істеп, жақсы көрсеткіштерге куә болып отырмыз. Бағдарлама бойынша бар істер іске асып жатыр. Солтүстік Қазақстан халқы атынан мұсылман халқына бақыт, амандық, молшылық тілеймін. Құрбан айт құтты болсын.

Жұмағұл Бейсенбаев ес білгенінен айт намазын қалдырып көрмепті. Қария бүгінде
жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу үшін айт намазын оқып, мұсылмандарға нәсіп етілген құрбанын шаламын дейді.

Жұмағұл Бейсенбаев:

 

 

-Бұл мерекенің басқасынан айырмашылығы Алла тағаланы еске алып, құрбан шаламыз. Сойған малдың жүні қанша болса, күнәсі сонша кешірімді дейді. Бізде неше түрлі ұлттар бар. Соның бәрі тату-тәтті өмір сүреді. Мұсылман татулыққа шақырады. Біз бір-бірімізге дос, бауырмыз.

Әбу Досмұхамбетов атындағы гимназия-интернаттың  7-ші сынып оқушысы Әлішер Жүзгенбаев  те таңертеңнен айт намазына келіпті.

Әлішер Жүзгенбаев,  Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат оқушысы:
-Жас та болсақ мұсылмандар парызын берік ұстанамыз. Мешітке келдік тілеуімізді айтып, садақа бердік. Отбасымыз құрбан шалады.

Адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, басқаларға жанашырлығы таразыға түсетін қасиетті күні намазға жығылғандардың қатарында Әлішер сынды жастардың қатары қалың болды.

– Мен сияқты жастарға бұның берері көп. Осындай мереке тек жақсылыққа дәріптейді. Жастарымыз да ақ жолға түсіп, тек жақсылыққа ұмтылады.
– Біз мұсылман болғасын мешітке намаз оқуға келдік, Құрбан айт қабыл болсын.
– Біз бұл діни мерекемізді ұмытпау керекпіз. Құрбан шалып, бар айттың ережелерін сақтаймыз.

Өңіріміздің бас имамы Қасымхан Абдоллаұлы жыл санап мұсылманның бес парызын орындаушылардың қатары артып келеді дейді.

Қасымхан Абдоллаұлы, Қызылжар орталық мешітінің бас имамы:
-Осы күндері мұсылмандар бір-бірін құттықтап үйлеріне кіріп, аруақтарға құран оқытып, жақсы игі істер істеу, садақа беру, мұқтаждардың жағдайларына қарайласып тұрса, бұл нұр үстіне нұр болады.

Ішкі жан дүниесі тазарсын десе осы күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, бір-бірін кешіргендері жөн. Мерекені Алла үйінде ұлықтауға келген өңіріміздің иманды жамағаты төс қағысып, игі тілектерін жаудырып жатты.

– Жақсылық, қызықпен өмір етейік. Балаларымыз аман болсын, Отанымыз тыныш боп, басқа жердегі апаттардан құдай сақтасын. Сол біздің тілегіміз.
– Біздің жастар көркейе берсін. Ата-ана жолын қуып, бізден де жақсы болсын. Үлкендерді сыйлап, ата-анасын тастамасын.
– Алланың нұры жауып, елімізге, халқымызға тыныштық, жақсылық болсын.

Жеңіс Ермұқанов