Бизнес және экономика

Өңірде «Ақ бұлақ» бағдарламасы жүзеге асырылуда

Қазақстандықтарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне Елбасы айырықша мән береді. 2002 жылы арнайы бағдарлама қабылданды. Сегіз жыл ішінде ауқымды жұмыс тындырылды. Біздің облысқа 5 млрд. 705 млн. теңге бөлініпті. Нәтижесінде 354 шақырым су құбыры ауыстырылған. Сөйтіп, бұл бағдарлама тозығы жеткен құбырларды жаңартуға мүмкіндік берген.

Серік Ысмайылов, “Қазводхоз” РМК “Есіл су” филиалының директоры:
-Су құбырлары 1961 жылы тартылған. Жарамсыз, ескірген. «Ауыз су» бағдарлама аясында соларды ауыстыруға үлкен мүмкіндік туды.

Бұл бағдарламаны іске асыру өткен жылы аяқталды. Бірақ халықты таза ауыз сумен қамту мұнымен тоқтамақ емес. Биыл мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа «Ақ бұлақ» бағдарламасы әзірленді. Оның аясында 2020 жылға дейін үлкен жұмыс атқарылады деп көзделіп отыр. Бағдарламаны жүзеге асыруға қомақты қаражат бағытталмақ. Үстіміздегі жылы облыста бұл мақсатқа 5 млрд. 300 млн теңге бөлінген. Бүгінде тендер өткізіліп жатыр, жұмыстар желтоқсан айында басталмақ.

 

Серік Ысмайылов, “Қазводхоз” РМК “Есіл су” филиалының директоры:
-“Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша әр ауылда әр үйге су кіргізу көзделген.2020 жылға дейін бұл жұмысты бітіруіміз керек.

Бүгінгі күні өңірде сапалы таза ауыз сумен 195 ауылдың тұрғындары қамтамасыз етілген. “Ақ бұлақ” бағдарламасы шеңберінде 2020 жылға дейін таза су 507 елді мекенге жетеді.

Айымгүл Әбілева