Балалар

Жас депутаттар қатарын қалай көбейтуге болады

 

Қазақстан Республикасында шамамен 3336 мәслихат депутаты бар. Ал олардың араларында жастардың үлесі тым аз. Мәселен, 2007 жылы 21- 29 жас аралығындағы депутаттар қатары 77 адамды құраған. Үстіміздегі жылы халық қалаулыларының арасындағы жастардың үлесі азайып, 21адамға зорға жетті. Осы өзекті мәселенің алдын алу үшін елімізде ең ауқымды жоба іске қосылды. Жастарды депутаттыққа өтуге үгіттейтін бағдарлама жетекшілері солтүстікқазақстандықтармен де кездесті.

Әсем Қазымбетова,  “Қазақстанның жас депутаттар қауымдастығы” РҚБ аппарат жетекшісі:
-Біздің жастар депутаттыққа сайлануда белсенділік таныта бермейді. Бүгін солтүстікқазақстандық жастар арасында жобаның тұсаукесері өтуде. Бұл бағдарламаның бір ерекшелігі ол жастарды депутат болуға шақырып қана қоймай, ол міндетті абыроймен орындауға үйретеді.
Петропавлдық жастар алғашқы кездесуден-ақ жобаға қатысып көруді ұйғарды.

Сергей Белов, “Қазақстанның жас депутаттар қауымдастығы” РҚБФ аймақтық жетекшісі:
-Жастар өздерін өзі дамытуы үшін осындай жобалар керек. Біз қоғам өміріне дәл қазір араласқанымыз дұрыс. Депутаттар біздің облысқа ауадай қажет.

Қажет десе дегендей. СҚО-да бұл мәселе тіпті өзекті. Өйткені өңірде жас депутаттар мүлдем жоқтың қасы.

Евгений Голендухин, “Жаңа ақпараттық технологиялар аймақтық орталығы” ҚБ төрағасы:
-Бізге ерекше ойлай білетін жастар қажет. Өкінішке қарай жаңашыл көзқарастарға ие, қаны қызу жас депутаттарымыз жоқ. Сондықтан осы жобадан кейін көп өзгерістер күтемін.

Жоба бойынша депутаттыққа өз кандидатурасын ұсынушылар 5 кезеңдік тапсырмадан өтеді. Онда азаматтардың өзін-өзі таныстыру шеберлігі, виртуалды жоба құра білу мүмкіндігі, кеңес жүргізу қабілеті қаралады. Ал кейін олармен семинар, тренингтер жүргізіліп, қорытынды турда кандидаттық имидждері бағаланады.

Гүлден Төлеген