Энергетика

Тарифті өсіру заңсыз деп танылды

 

Бұл дау-дамай 2010 жылы басталған. Сол уақытта бірден үш монополист – «Севказэнерго» АҚ, «Петроавл жылу желілері» және «Солтүстік Қазақстан энергоорталығы»  серіктестіктері  тарифтерін өсіруге өтініш береді. Бірақ табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің облыстық департаменті олардың талаптарымен келіспей, тарифті бұрынғы деңгейде қалдырған. Бірақ белді бекем буған энергетиктер экономикалық сотқа шағым түсіріп, жеңіске жетеді. Нәтижесінде биыл жазда қала тұрғындары өткен жылыту маусымы үшін коммуналдық төлем қайта есептелген есепшот алған. Өз кезегінде тарифті көтеруді негізсіз деп тапқан облыстық департамент те қарап қалмай, энергетиктердің үстінен сотқа шағым түсіреді.

Марат Мұстафин, ҚР табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің СҚО бойынша департаментінің директоры:
– Монополист мекемелер соттасты. Экономикалық сот, апелляциялық сот, кассациялық сот біздің пайдамызға шешпей, біздің шешімді заңсыз деп шығарды. Сондықтан біз биыл соттың шешімін орындау үшін департамент шешім қабылдады.

Бірақ Марат Мұстафин жетекшілік ететін департамент мұнымен тоқтамай, Жоғарғы сотқа жүгінеді. Бұл істі Жоғарғы сот үш ай бойы қарап, ақыры қарашаның екісі шешім шығарды. Сөйтіп, облыстық соттың шешімі заңсыз деп танылып, бірнеше айға созылған іс қайта қаралатын болды.

Марат Мұстафин, ҚР табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің СҚО бойынша департаментінің директоры:
-Экономикалық, апелляциялық, кассациялық бәрінің шешімін заңсыз деп тауып, қайта қарауға қайтарылды. Жоғарғы соттың шешімі келгеннен кейін қабылдаған шешімімізді бұрынғы қалпына келтіреміз. Сондықтан халыққа тариф бұрынғы қалпында болады деп ойлаймын. Негізі бәрі дұрыс болуға тиісті.

Дегенмен, бұл іске нүкте қоюға әлі ерте. Тағы бірнеше айға созылуы мүмкін. Қайткен күнде де бүгінгі күні дау халықтың пайдасына шешіліп отыр.

Ескендір Елеусізов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
-Бұл соңғы шешім деп және айтуға болмайды. Монополистер тағы да шағым беруі мүмкін. Бәрі бітті деп айтуға болмайды. Дегенмен бүгінгі жағдайда халықтың мүддесі үшін шешілді.

Айтқандай, энергетиктер жаңа тариф бойынша 318 млн. теңге берешек есептеп қойған. Оның 200 млн-ы тұрғындардың қарызы. Енді халықтың ақшасы қайтарыла ма, жоқ па –  бұл уақыт еншісінде.

Айымүл Әбілева