Әр түрлі

Құрбан айт

 

 

 

Құрбан айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі. Ол ақ түйенің қарны жарылатын күн. Құрбан – араб тілінде “жақындау” Айт мейрам дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Мереке күндері мұсылмандарға құрбан шалу нәсіп етілген. Қызылжар орталық мешітінің бас имамы Қасымхан Абдоллаұлы жыл санап мұсылманның бес парызын орындаушылардың қатары артып келеді дейді. Жағдайы бар адам қасиетті күндері мал сойып, етті жарлы адамдарға таратып беруі керек.

Қасымхан Абдоллаұлы, Қызылжар орталық мешітінің бас имамы:
– Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады.

Құрбан шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі екен.  
Биылдан Жұмысшы кентіндегі Космонавтар, 200 мекенжайында арнайы құрбан шалатын орындар дайындалып қойылыпты. Мал айт намазынан кейін шалыну керек. Құрбан шалуға жағдайы жоқ кісілерге жасалған және бір жеңілдік, ол – айт күні жуынып-шайынып, тазалану. Себебі, бұл тазалық оларға құрбандық шалғандай сауап әкеледі. Діни мереке сондай- ақ Қажылық айты деп те аталады екен.
Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғандарын аралап қонақтайды. Осы күндері мейлінше көтеріңкі көңіл күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, бір-бірін кешіргендері жөн.

 Жеңіс Ермұқанов