Мәдениет

Поляк ұлттық киімдерінің көрмесі



 

Сәуле Байматова бейнелеу өнері мұражайына немересі Томиристің көрмеге қойған еңбектерін тамашалауға келіпті. Тоқылған қуыршақ пен ұлттық киімдегі поляк жігітінің суреті 5 жасар Томиристің еңбегі. Осы бұрыштағы бар туындыларды «Петушок» балабақшасының тәрбиеленушілері мен тәрбиешілері бірлесіп жасаған екен. Әжесі немересінің шығармашылық дарынын ашуға балабақшада нақты жұмыстардың атқарылып жатқанына көз жеткіздім дейді.

Сәуле Байматова:

-Өте жақсы көрме. Балаларды кішкентайынан ынталандырады. Поляктардың киімдерін жасау арқылы көпұлтты халықтарды достыққа үйретеді.

Поляк халқының мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерін көпшілікке таныту мақсатында ұйымдастырылған көрмені халықаралық деп те айтуға болады. 8 жасар Андрей Крашевский Ресейден шекара асып көрмеге арнайы келген. Ал Новосібір қаласынан келген қуыршақ саз балшықтан жасалған жалғыз туынды.

 Андрей Крашевский:
-Мен оны екі күн бойы жасадым. Киімдерін моншақ жапсырып әдеміледім.

100-н еңбектердің арасында Петропавл қалалық бейнелеу өнері лицейі тәрбиеленушілерінің тоқыма қуыршақтары үздік деп танылды. Олар көрмеге 25 туынды қойыпты.

Елена Сафинова, Петропавл қалалық бейнелеу өнері лицейінің оқытушысы:
-Үш ай бойы 20 оқушымыз осы қуыршақтарды тоқып, киімдерін тікті. Оларды жасамас бұрын поляк халқының тарихын біліп алдық. Қуыршақтар болғанымен ұлттық киімдерді шынайы пішуге тырыстық. Біздің еңбегіміз бағаланды, қуаныштымыз.

Іріктеліп алынған үздік суреттер мен тоқыма қуыршақтар облысымыздың өзге мұражайларын аралайтын болады.

Жеңіс Ермұқанов