Билік

Облыстық үйлестіру кеңесінің отырысы



 

Өткен жылмен салыстырғанда биыл жалпы қылмыстар саны 32 пайызға өсіпті. Өңіріміздің кей аудандарында тіркелетін қанды оқиғалар 40- тан 66 пайызға артқан екен. Әрбір 20-шы аса ауыр қылмысты кәмелет жасына жетпегендер жасаған.

Гүлнәз Шәріпова, СҚ прокурорының аға көмекшісі:
– Барлық тіркелген ауыр қылмыстардың 100 пайызы мастықпен жасалған деп айтуға болады. Мәселен, биыл Аққайың ауданында 6 кісі өлімі тіркелді. Барлығы да ащы судың кесірінен орын алған.

Жалпы облысымызда бүгінде араққа тәуелді 10 мыңнан астам адам тіркелген.

Бауыржан Рахымжанов, СҚО ІІД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы:
-Жыл басынан қоғамдық орындарда алкагольді өнімді ішкен үшін 19 мыңнан артық азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау мақсатында тәулік бойы 218 бағытта полицейлер кезекшілік атқарады. Облыс орталығында 22 бақылау қамералары орнатылды. 8 стационарлық бекет жұмыс істейді.  

Алайда бұл жұмыстар өңіріміздегі криминогендік ахуалды жақсартуға аздық етіп отырған сыңайлы. Ішімдікке тәуелділіктен мәжбүрлі түрде емдеу мекемесі тек 150 орынға шақталған. Бейне камералар   тек көше қиылысындағы көріністі қадағалауға мүмкіндік береді.

Жаслан Смағұлов, Петропавл қалалық прокуратурасының бөлім бастығы:
– Түнгі сауықтыру клубтары камералармен жабдықталмаған. Өткен жылы полицейлер ондай жерлерге 130 рет шақырту алды. Биыл ол көрсеткіш екі есеге өсіп отыр. Түнгі клубтарға түсетін шағым негізінен ішіп алып жанжал шығаратын клиентерге қатысты. Күзетшілері сәйкесінше қызметтерін атқармайды. Ішімдік ішілетін кешкі демалыс орындарына кәмелет жасына жетпегендер еш кедергісіз ене береді.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, облысымыздың әрбір тұрғыны жылына 20 мыңға жуық қаржысын ішімдікке жұмсайды. Облыстың 200 тұрғынына 1 арақ- шарап сататын дүкен келеді екен. Мәселен, Еуропада бұндай бір сауда орны 30 мың тұрғынға тиесілі. Алкогольдік өнімдердің бағасы да қол жетімді.

Гүлнәз Шәріпова, СҚ прокурорының аға көмекшісі:
– Бір ғана Ақжар ауданының 24 елді мекенінде арақ-шарап өнімдерін сататын 87 сауда нүктесі бар. Бар болғаны 31 мәдениет орны қарастырылған. Олардың өзі толық жұмыс істемейді. Бірқатары жөндеуді қажет етеді. Сондықтан ауылдықтардың көбі арақ сатылатын демалыс орындарын жағалайды.

Жиын соңында үйлестіру кеңесінің мүшелері полицейлерге қылмыстардың алдын алу үшін маскүнемдікпен күресті күшейтіп, түнгі сауық орындарын бейне камералармен қамтамасыз етуді, қоғамдық тәртіпті күзету шараларын еселеуді тапсырды.

 Жеңіс Ермұқанов