Құрылыс

Енді некеге тұру туралы өтінішті электрондық нұсқада беруге болады

 

 

Бұл қызметтің ең ұтымды тұсы – Қазақстан Республикасының азаматтары басқа елде, басқа қалада жүріп-ақ некеге тұру туралы өтініш бере алады. Ал бір қалада өмір сүріп жатқан болашақ жас жұбайлар некеге тұру туралы өтінішті электрондық нұсқада беру арқылы өз уақыттарын үнемдейді, – дейді мамандар.

Олеся Осадчая, СҚО әділет департаментінің бөлім бастығы:

– Электронды өтініш беруді енгізу некеге тұруға өтінішті жазбаша түрде беру мүмкіндігінен айырмайтындығын ескерген жөн. Қызметті тек Қазақстан Республикасының азаматтары пайдалана алады. Өтініш берушінің екеуі де бірінші рет некеге тұрады және екеуінің ортақ балалары жоқ. «Электрондық үкімет» веб-порталын екінші және одан да көп рет үйленушілер пайдалана алмайды.

Осы күнге дейін қазақстандық 30 жұп некелерін тіркеуге өтінішті «электрондық үкімет» арқылы берген. Бұл қызметтің артықшылығын Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Шымкент қалаларының тұрғындары бағалап үлгерді. Бүгін қаламызда некелерін қиып, отау құрып жатқан жас жұбайлардың бірі – Руслан мен Әсел Тоққожиндер. Олар осы қызмет түрін пайдаланбаса да, оның ұтымды тұстары қазіргі жастарға тиімді дейді.

Әсел және Руслан Тоққожиндер:

-Қазіргі уақытта ол өте ыңғайлы. Үйде отырып интернет арқылы өтінішті беруге болады.

Ал, некені тіркеу қызметі үшін белгіленген мемлекеттік баж салығын электрондық өтінімді беру кезінде төлем карточкасының көмегімен порталда төлеуге болады. Электрондық өтінім мен некеге тұрушылар жөніндегі мәліметтердің нақтылығын тексеру аяқталғаннан кейін, жұп некелерінің тіркелетін күні мен орны туралы хабарлама алады.

 Жандос Наурызбаев