Көлік және жолдар

Жол қозғалысы ережесін бұзғандар көбейді

 

 

 

Облыс орталығындағы жол ережелері жиі бұзылатын көшелерге жылдамдықты өлшейтін құрылғылардың орнатылғанына тура бір ай өтті. Жаңа жүйе тиімділігін бірден танытып отыр. Осы уақыттың ішінде бұл қауіпті аумақтарда бір де бір жол апаты тіркелмепті. Заманауи фотокамера 30 күннің ішінде жылдамдықты шамадан тыс асырған 2 мыңнан артық жүргізушіні түсіріп алған. Оларға жеткен бар ақпарат бірден озық үлгідегі қондырғылармен жабдықталған процесингтік орталыққа жетеді. Осының арқасында жылдамдықты  асырғандарға  23 млн. 805 мың теңгенің айыбы салынды. Бүгінде оның 5 млн. теңгесі өтеліпті.

Әсия Әбжанова, СҚО ІІД ЖПБ аға инспекторы:
-Жылдамдықты шамадан тыс асырған көліктің бір мезетте үш мәрте фотосуреті шығарылады. Бұл фото бейнелерде темір тұлпардың мемлекеттік тіркеу нөмірі, маркасы, жылдамдығы, ережені бұзған уақыты мен жері көрсетіледі. Кейін бұл ақпарат заңды елемеген тұлғаның мекенжайына жіберіледі. Ол айыппұлды өтеп, түбіртек қағазымен орталыққа келіп белгіленуі тиіс.

Өйтпесе заң бұзушылық орталық базасының тіркеуінде қала береді. Көлік иесі айыпты 1 айдың ішінде өтемесе, жағдайын ушықтырып алуы мүмкін.

Әсия Әбжанова, СҚО ІІД ЖПБ аға инспекторы:
-Егер де ереже бұзушы белгіленген мерзімде берешегінен құтылмаса, істі соттың қарауына жібереміз. Темір тұлпары айып тұрағына қойылады. Жүргізуші көпке дейін қашқақтай алмайды. Айыбы өтелгенше, біздің тарапымыздан көрсетілетін бар қызметтер жасалмайды. Тіпті техникалық тексерістен де өте алмайды.  

Енді жол сақшысы жүргізуші тоқтатқанда, айыбының бар-жоғын тексереді. Қаладан шығар жол бекеттері мен процессуалды орталықтағы мәліметтер базасы бірегей желіде тікелей байланысқан. Ондағы ақпар өзгеріссіз қалады. Оны базадан өшіру мүмкін емес дейді жол сақшылары. Жаңа жабдық тіпті тас қараңғыда да жұмысын тоқтатпай, тәулік бойы суретке түсіретін көрінеді. Ал кейбір жүргізушілер инспекторлар тексергенше жылдамдықты өлшегіш камераға түсіп қалғандарын білмей де жатады екен.

 Қайсар Мұқанов, СҚО ІІД ЖПБ инспекторы:
-Жұмыс барысында техникалық құжаттарын аламыз да, мына компьютер арқылы тексереміз. Егер де жүргізушіде айыппұл болса, ол адамға хаттама толтырылады. Мысалы, бүгін бір жүргізуші сондай жағдаймен ұсталды. Айыппұл көлемі 120 мың теңге болды. Қазір ол айыбын төлеуге кетті.

Жүргізушілер де бұл тексерістің тиімділігін алға тартып отыр.

Александр Хамуленко,  жүргізуші:
– Өте жақсы болды. Кейде жылдамдықты асырғаныңды сезбей де қаласың. Көлікті сенімхатпен жүргізетіндер болады. Айып иесіне салынады. Тексеріп отырған дұрыс деп санаймын.

Жүргізушілердің уақытын үнемдеу үшін жуық арада айыппұлды төлейтін жол бекеттері мен жол полициясы басқармасының ғимаратында терминалдар орнатылатын болады.

Жеңіс Ермұқанов