Бизнес және экономика

Заңсыз кәсіпкерлік

 

 

Петропавлдық Максим Котельников заңсыз кәсіппен айналысты деп айыпталып отыр. Ол ұйымдастырған покер клубы бір ай жасырын жұмыс істеген. Осы уақытта өткізген үш ойыннан ол 30 мың теңгенің пайдасын көріпті. Заңсыз әрекеті әшкереленген кәсіпкер сот процесінде ісін кәсіп емес, әуесқойлық деп ақталуда.

Максим Котельников, күдікті:
– Мен облысымызда спорттық покерді дамыту мақсатын көздедім. Бізде құмарлық ойындарына тыйым салынғанын білемін. Ал спорттық ойындарға лицензия алу керектігін де түсінемін. Алайда ондай рұқсат құжаттарын толтыру тым қымбат, қалтам көтермейді. Қағаздарды түгендеу үшін әзірге жасырын түрде қаржы жинап аламын деп ойладым.

Максимнің бұл ойы жүзеге аспай, тәртіп сақшылары 4-ші турнирдің үстінен түскен. карталарды ортаға жайып, бастапқы қаржылай ставқаларын қойып үлгерген ойынқұмарлар үстіміздегі жылдың 20-шы құркүйегінде ұсталды.

Бауыржан Исабеков, Петропавл қаласы прокурорының орынбасары:
– Покер клубында 7 ойыншы болды. Сондай-ақ үстелде қарт колодасы, 269 фишка мен 24 мың теңге және екі покер үстелі тәркіленді.

Айыпталушы кінәсін толығымен мойындап отыр. Сот бар дәйектерді негізге алып Максим Котельниковті заңсыз кәсібі үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Серікбол Сапарғалиев, Петропавл қалалық әкімшілік сотының төрағасы:
-Максим Котельников ҚР әкімшілік кодексінің 357- бабының бірінші тармағына сәйкес, яғни заңсыз кәсіп жасағаны үшін айыпты деп танылды. Бұл заңсыз әрекеті үшін 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айып төлеуі тиіс. 24 мың теңге мен анықталған қарт, фишкалар мен екі покер үстелі тәркіленсін. Бұл іс бойынша облыстық сотқа қайта шағым беруге құқығы бар.

Максим Котельниковтің сот үкіміне наразылығы жоқ. Тағайындалған 30 мың теңге айыбьн өтеуге әзір.

Максим Котельников, айыпталушы:
– Шешіммен толықтай келісемін. Бұдан былай лицензия алғанша, ешбір кәсіп ашпаймын.

Бұл осымен жыл басынан әшкереленген 4-ші заңсыз ойын клубы.

Жеңіс Ермұқанов