Спорт

Волейболдан ел чемпионатының іріктеу ойындары

Чемпионаттың алғашқы күнінен-ақ жергілікті волейболшылардың мерейі үстем болды. Спортшыларымыз Орал қаласынан келген командадан 3:1 есебімен басым түссе, шымкентіктермен болған ойында 3:2 есебімен жеңіске жетті. Бүгін қызылжарлықтар ШҚО құрамасымен кездесу өткізуде. Дәстүрлі чемпионат биыл Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына орайластырылған. Барлығы 30 команда. Олар жас ерекшелігі бойынша үш топқа бөлініп, ақтық сынға іріктеу ойындарын өткізуде.

 Людмила Ким, жарыстың бас төрешісі:

 

-Өткізіліп отырған чемпионат 2011 – 2012 жылдардың маусымашары болып табылады. Жалпы, үлкен және ортаңғы топта 12 команда. Ал, кіші топта 6 құрама. Олардың барлығы бірнеше топшаға бөлінген. Волейболшылардың алғашқы кездесулерінде өзара мықтылар анықталады.

Бұл жолғы байрақты бәсекеде облыс намысын 3 құрама қорғауда. Олардың бірі – волейболдан ҚР кубогының иегері – «Жеңіс» командасы. Жерлестеріміздің шығысқазақстандықтармен ойыны тартысты болып, жанкүйерлерден маза кетті. Екі команда да мықты болғандықтан ойын шиеленісе түсті. 5 айналымның қорытындысы бойынша қызылжарлықтар 3 те 2 есебімен қарсыластарын қапыда қалдырды.

 Александр Целых, «Жеңіс» командасының капитаны: -Ойын өте тартысты болды.Шығысқазақстандықтар Қазақстан кубогында сегізінші орын алған еді, енді міне шеберліктерін шыңдап, жеңіске жетуге деген талпынысын жоғалтпаған. Біз де намысты қолдан бермеуге тырысудамыз.

 

Чемпионат бір аптаға созылады.  Жарыс қорытындысы бойынша мықты деген құрамалар дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болмақ.

 Жандос Наурызбаев