Әр түрлі

ЖСН баршаға қажет

 

Жеке сәйкестендіру нөмірі төлқұжаттарға  2003 жылдан бастап енгізіле бастаған еді. Содан бері талай азамат жаңа үлгідегі куәліктер алып үлгерді. Осындай жаңашылдық  енгізілген жеке куәлік пен паспорттағы  12 сан салық төлеушінің тіркеу нөмірі мен әлеуметтік жеке код орнын алмастырмақ. Алайда, солтүстікқазақстандықтардың арасында мұндай құжат  алмағандар әлі де баршылық. Көші-қон полициясы қызметкерлерінің айтуынша,ондай азаматтардың саны 2000-ға жуық. 

Медет Сағдиев, СҚО ІІД Петропавл қалалық ІІБ көші-қон полициясы бөлімінің аға инспекторы:
-Олар тезірек келіп, құжаттарын ауыстырса дейміз. Өйткені жеке сәйкестендіру нөмірі жоқтар кейін азаматтық құқықтарын жүзеге асыра алмайды.

Яғни, жеке сәйкестендіру нөмірі жоқ адам салық төлемдерін жасау, шетелге шығу, зейнетақысын, жалақысын алу сынды барлық құқықтарынан айырылады. Өкінішке қарай, бұл туралы азаматтардың бірі білсе, бірі біле бермейді.

 
-Нөмірдің болғаны жақсы. Көп құжат тасымайсың. Ыңғайлы.
-Жоқ ол туралы естімеппін. Құжатты қалай алдым, солай жатыр. Тіпті оған назар аударған емеспін.
-Ондай нөмір туралы естігенмін. Бірақ оның қаншалықты керек екенін білмеймін.

Әзірге, ескі төлқұжаттарды жаңа талапқа сай етіп ауыстыру жұмыстары тегін жүргізілуде. Мұндай мүмкіндік жаңа жылға дейін ғана беріледі. Кейін құжаттар тек қана ақылы жасалмақ. Мәселен, жеке куәлік құны 302 теңге болса, паспорт 6048 теңгені құрайды.

Гүлден Төлеген