Қоғам

Республикалық ақпараттық-насихат тобы Аққайың ауданында кездесу өткізді

 

 

 

Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, мал шаруашылығы мен агроөнеркәсіп кешенінің өнімін ұлғайту. Аққайың ауданында бұл салаларды дамытуға ден қойылған. Халықтың әл-ауқатын арттырып, әлеуметтік жағдайды жақсарту бірінші кезекте.

Рүстем Елубаев, Аққайың ауданының әкімі:
– Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. 11 үй салынып жатыр. Сонымен қатар сумен қамту бағдарламасы бойынша біздің 2 округімізде 300 млн. теңге қаражат бөлініп, биыл халықты сумен қамтамасыз етеміз.

Кездесуге жиылғандарды коммуналдық қызмет көрсету жүйесі мен тарифтердің өсуі ерекше қызықтырды. Бұл тұста мемлекет тарапынан зейнеткерлерге көрсетілетін қолдау мәселесі де сөз болды.

Марат Мұстафин, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің СҚО бойынша департаментінің директоры:
– Жолдау бойынша көп мәселелер шешіліп жатыр. Халық 2 жыл бойы жеке тұратын зейнеткерлердің электр энергиясына 70 квт көп болса екен деген. Біздің ойымызша, бұл мәселе жылдың аяғында шешіледі. Көп жұрт оған разы болуы тиіс.

Соңғы 20 жыл ішінде тәуелсіз еліміздің қол жеткізген табыстары қуантарлық. Бұл уақыт аралығында солтүстік аймақта да оң өзгерістер орын алған. Мұны Елбасы жолдауын насихаттап жүрген ақпараттық-насихат тобының мүшелері де атап өтті.

Анатолий Шкарупа, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары:
– СҚО-да тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар жобалар іске асырылуда. Елбасы жолдауында жүктелген міндеттерді орындауға ерекше көңіл бөлінген. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында солтүстік өңірдің қол жеткізген жетістіктері қуантарлық.

Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшелері солтүстікқазақстандықтардың алда да талай жетістіктерді бағындыратынына сенімді.

Инеш Шоқақова