Құқық қорғау органдары

«Жемқорлықты бірге тоқтатайық!”

 

 

Жемқорлық – бұл әлемнің барлық елдері күресіп отырған күрделі қоғамдық мәселелердің бірі. Өкінішке қарай жеңіл ақша іздейтіндер қазақстандықтар арасында да кездесіп тұрады. Атап айтсақ, үстіміздегі жылы республика бойынша сот орындаушыларының арасында 7 жемқорлық фактісі тіркеліпті. Осындай ахуалдың алдын алу үшін елімізде түрлі акциялар өткізілуде. Бүгінгі дөңгелек үстел соның айғағы. Залға жас сот орындаушылары жиналды. Бұл кездесу осы мамандардың бойында пара алушылыққа қарсы сана-сезім қалыптастыруға бағытталған.

Құралай Сәруарова, СҚО сот актілерін орындау департаментінің хатшысы:
-Бүгін “Нұр Отан” ХДП өкілдері келіп отыр. Олар сот орындаушыларына жемқорлық мәселесіне қатысты туындап жатқан өзекті мәселелер жайында айтады. Жалпы департаментте оңай жолмен пайда тапқысы келетіндерді анықтау үшін бұдан тыс түрлі жұмыстар өткізіліп тұрады. Мәселен, интернетте мемлекеттік қызметкерлердің тізімі бар. Егер олардың бірі жемқорлық әрекетке барса, осы сайт арқылы оған шағым түсіруге болады.

Әлеуметтік зұлымдықтың тамырына балта шабуға бағытталған акция аясында сот орындаушылары 164/1 түзету мекемесіне барады, сондай-ақ жол полициясының рейдіне қатысатын болады. Ондағы мақсат  – аталған салалар бойынша жемқорлық фактілерін анықтау. Жас мамандар кездесуден көптеген пайдалы ақпараттар алып, осындай отырыстардың жиі өткізілуіне ықылас білдірді.

Максим Ковш, СҚО соттық актілерді орындау департаментінің мемлекеттік сот орындаушысы:
-Мұндай кездесулер аса қажет. Адамдарға жемқорлықтың жаман екенін бала кезінен құлағына құйған абзал. Сонда ол жемқорлықтың қоғам үшін үлкен кесел екенін ертеден-ақ ұға бастайды.

Игі шара бір күнге жоспарланған. Дегенмен, акция жыл сайын өткізіліп тұрады.

Гүлден Төлеген