Энергетика

Электр желілері жөнделуде

 

«Солтүстік Қазақстан электр тарату компаниясы» АҚ 399 елдімекенге қызмет көрсетеді. Ол 44,952 мың шаршы км аумақты алып жатыр. Бұл мекеме Петропавл қаласының тұрғындарын және 8 ауданды электр энергиясымен қамтамасыз етеді.

Виктор Тен, «Солтүстік Қазақстан электр тарату компаниясы» АҚ президенті:
-«Солтүстік Қазақстан электр тарату компаниясы» АҚ М.Жұмабаев, Қызылжар, Мамлют, Аққайың, Шал ақын, Есіл, Жамбыл және Тимирязев аудандарының тұрғындарын электр энергиясымен жабдықтайды.

Электр желілерін қыс маусымына дайындау жұмыстарына солтүстікқазақстандық энергетиктер білек сыбана кірісті. Ағымдағы жылы олар жөндеу жұмыстарына 94,1 млн теңге құйыпты. Бұл қаражат электр энергетикасының әуе жолдарын, 9 қосалқы станцияны, 72 трансформаторлық қосалқы станцияларын және кабельді жолдарды қалпына келтіруге бағытталыпты. Осыған орай жөндеу жұмыстары жүргізілген жерлерде электр жарығын уақытша өшірген көрінеді.

Виктор Тен, «Солтүстік Қазақстан электр тарату компаниясы» АҚ президенті:
– Біздің жұмысымыз қауіпті. Өйткені электр қуатын  тоқтатпай жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкін емес. Осыған орай біз жоспарлы түрде электрмен жабдықтауды шектейміз. Сағат таңғы 10-нан кешкі 5-ке дейін жарықты өшіреміз. Оны халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлаймыз.

Энергетиктердің айтуынша, мұндай қолайсыздық көпке созылмайды. Белгілі бір нысанның электр желілерін жөндеуге ең көбі 3-4 аптадай уақыт кетеді екен. Бүгінде Жұмысшы кентінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. «Солтүстік Қазақстан электр тарату компаниясы» АҚ-ның қызметкерлері бұл істі 10 күннің ішінде аяқтаймыз деп отыр.

Айдана Демесінова