Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ақпараттық-насихат тобы Мамлют ауданында болды


 

 

Үстіміздегі жылы Елбасының тапсырмасы бойынша халықтың тұрмысы мен экономиканы дамытуға бағытталған бірнеше мемлекеттік бағдарлама әзірленді. Оларды жүзеге асыру үшін өңірде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, «Халықты жұмыспен қамту» жобасының үш бағыты бойынша да бүгінде жүйелі істер қолға алынған.

Гүлзада Сұлтанова, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі басқармасының бастығы:
-Солтүстік Қазақстан облысында бағдарламаның алғышқы кезеңі тиісті деңгейде жүзеге асырылып жатыр деп айтуға болады. Бүгінде өңірде жобаға қатысуға ниет танытқан 769 адам келісім жасасқан. Салыстыратын болсақ, Батыс Қазақстан облысында осы күні сегіз хаттама ғана толтырылған.

Аталмыш жоба – ұзақ мерзімді бағдарлама. Оның аясында 2020 жылға дейін бір жарым млн-ға жуық адам қамтылмақ. Қысқасы, Елбасы биыл да өз Жолдауында әлеуметтің әлеуетін көтеруді басым бағыт ретінде айқындап берді.

Жанат Сүлейменов, ҚР ІІМ криминалдық полиция комитетінің төрағасы:
-Білім саласында бірқатар маңызды міндеттер айқындалды. Балалар мектепке дейінгі біліммен 2020 жылға дейін 100 пайызға қамтылмақ. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, барлық өңірлерде зияткерлік мектептері ашылады.

Кездесуде ақпараттық-насихат тобының мүшелеріне аудан тұрғындары көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды. Ауылдықтарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысты сұрақтар толғандырады екен. Бұл «Нұр Отан» партиясы қолға алған «Халықтың дауысы» науқаны аясында тұрғындардан түскен өтініштерді сараптау нәтижесінде белгілі болған.

Ралия Нұрмұқанова, «Нұр Отан» ХДП Мамлют аудандық филиалы төрағасының орынбасары:
– «Халықтың дауысы» акциясы кезінде жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысты тұрғындардан сауалдар көп келіп түсті. Мәселен, зейнетақы қорындағы қаржыны оқудың төлемін жасауға, не болмаса несиені жабуға қолдануға бола ма деген сұрақ адамдарды толғандырады.

Гүлзада Сұлтанова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі басқармасының бастығы:
-Біздің елімізде зейнетақы қорындағы қаржыны өзге мақсатқа пайдалануға болмайды. Бұл заңда қарастырылмаған. Біз сингапурлықтардың тәжірибесін зерттеп көрдік. Оларда зейнетақы қорындағы жинақты үй алу үшін пайдалануға болады. Бірақ оларда жүйе мүлдем басқа. Сондықтан жуық арада бұл мәселе қарастырылмайды.

Сонымен қатар кездесуге келгендерді қордағы зейнетақы жинағы жеткілікті болған жағдайда зейнетке ерте шығу мүмкіндігі қызықтырды. 55 жастан кейін мерзімінен бұрын зейнетке шығуға болады. Тек міндетті түрде зейнетақы аннуитетін сатып алу керек. Айтпақшы, ер адамдар үшін зейнетақы аннуитетінің құны – 2,9 млн. теңге, ал әйелдер үшін – 3,2 млн. теңге. Тағы бір маңызды жайт, бүгінде Парламентте әйелдер үшін 50 жастан зейнетке шығу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Айымгүл Әбілева