Әр түрлі

Статистика департаментіндегі ашық есік күні

 

  

 

 

СҚО статистика департаменті 20 сала бойынша ақпарат жинаумен айналысады. Соның ішінде халықтың өмір сүру деңгейі, ішкі және сыртқы сауда, ауыл шаруашылығы мен құрылыс салаларына басымдық берілген. Бұндай деректер еліміз тәуелсіздігін алған сәттен бастап жинала бастаған. Бүгін ұйымдастырылған ашық есік күні үстіміздегі жылдың 9 айында атқарылған жұмыстарды қорытындылауға арналған. Айту керек, статистика орталығының мамандары өздерінің қызмет сапасын жыл санап арттырып келеді. Әсіресе, респонденттерден ақпаратты жинап, оны жұртшылыққа таратуда түрлі оңтайлы әдіс-тәсілдерді енгізіпті. Мәселен, 2002 жылы олар ғаламторға қосылып, ақпараттарын көпшілікке қол жетімді қылған еді. Ал биыл сайттың күрделі дизайнын өзгертіп, оның жүйесін халыққа түсінікті етіп құрыпты.

Гүлзиян Ізбасова, СҚО статистика департаменті бастығының орынбасары:
-Статистика департаментінің сайтында әркез жаңалықтар орналастырылып тұрады. Сайтты күн сайын 100-ден астам пайдаланушы қолданады.

Статистика департаментіне жолданатын жаңалықтар ең алдымен респонденттермен жұмыс істеу бөлімінде өңделеді. Мәселен, биыл орталық мамандарына облысымыздан 105 мың статистикалық есеп келіп түскен.

Бақыт Ахмеджанова, СҚО статистика департаментінің респонденттермен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы:
-Есептер қағаз тасымалдаушыларда қабылданады. Бірақ қазіргі уақытта есептерді онлайн режимінде электрондық түрде тапсыру мүмкіндігі берілген. Мұнда респонденттер есептерді жұмыс орнынан интернет арқылы қағазда қайталамай-ақ тапсыра алады.

Департаментте ақпараттарды өз саласы бойынша іріктеумен 13 басқарма айналысады. Солардың бірі еңбек және үй шаруашылығын зерттеу статистика басқармасы. Олар әр тоқсан сайын түрлі елді мекен тұрғындарының әлеуметтік жағдайымен танысып отырады.

Ләззат Жетпісова, СҚО статистика департаментінің еңбек және үй шаруашылығын зерттеу статистика басқармасының бастығы:
-Халықтың өмір сүру деңгейін зерделеу және осы ақпаратты қоғамға ұсыну мақсатында СҚО статистика департаменті облыстың 660 үй шарушалығын іріктеп зерттейді, олардың 270-і қалалық, 390-ы ауылдық елді мекен отбасылары. Үй шаруашылықтары кездейсоқ, математикалық есептеу арқылы барлық үйлердің нөмірінен, көше атаулары көрсетілген тұрғын үй қорының тіркелімінен алынады.

Департаментте шығарылатын статистикалық ақпарат ең алдымен оны қолданушыларға бағытталған. Әрине, деректерді пайдаланушылар түрлі сала қызметкерлері болып келеді. Бүгінгі кездесуден пайдалы білім алып қалуға СҚО денсаулық сақтау басқармасының мамандары да келіпті.

Аманжол Кәкімов, СҚО денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыру бөлімінің бас маманы:
-Мен үшін бұл семинар өте пайдалы. Жұмысымда пайдалы болып табылады. Себебі бұл білімдерді пайдалана отырып, кез келген көрсеткіштерді ала аламын.

Статистика департаменті халықты ақпаратпен қамту мақсатында әрдайым тынымсыз еңбек етеді. Үстіміздегі жылдың қараша айында олар тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы ішінде қол жеткізген табыстарды тізіп, жинақ етіп шығармақ.

Гүлден Төлеген