Құқық қорғау органдары

Құқық қорғау жүйесін реформалау

 

 

Ел Президентінің халыққа Жолдауы – алдағы күннің бағыт-бағдары. Биыл Елбасы он жылға межеленген стратегиялық жоспардың мақсат-міндетін белгіледі. Бұл орайда атқарылуы тиіс ауқымды жұмыстарды кездесуде республикалық ақпараттық-үгіт тобының мүшесі Жанат Сүлейменов сөз етті. Әсіресе, құқық қорғау жүйесін реформалау қызу талқыланды. Бүгінде бұл жүйе қоғам үшін ашық әрі мөлдір болу үшін тиісті шаралар қолға алынып жатқан көрінеді. Бірінші кезекте заңдар жөнге келтірілуде. Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу Кодекстерінің жаңа жобалары әзірленіп жатыр. Сонымен қатар 2012 жылы «Ішкі істер органдары туралы» жаңа заң қабылданбақ.

Жанат Сүлейменов, ҚР ІІМ криминалдық полиция комитетінің төрағасы:
-Қолданыстағы заң он бес жылдан астам уақыт бұрын қабылданған. Сондықтан бүгінгі күнге толық сай келе бермейді. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес туралы заң жобасы бойынша жұмыс Парламентте жүргізілуде. Ұйымдасқан қылмыс үшін жауапкершілік күшейтілмек.

Жаңа реформалар қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге бағытталған. Сөйтіп, ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығы аясында өткізілетін амнистияға 13 мыңнан астам сотталушы ілікпек. Олар ауырлығы жеңіл және орташа деңгейдегі қылмыс жасағандар.
Қысқасы, құқық қорғау жүйесін жетілдіру үшін біршама шаруаның басы қайырылған. Бірақ алда бұдан да үлкен міндеттер тұр деді Жанат Сүлейменов. Ол солтүстікқазақстандық полицейлердің бұл бағыттағы жұмысын оң бағалады. Біздің облыс үздік бестіктің қатарында. Енді тізгінді босатпай, алдағы уақытта көрсеткіштерді жақсартуға талпыну қажет. Кездесуде ішкі істер органдарының ардагерлері өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды.

-Бүгінде полицейлердің шенін әскерилердің шеніне теңестіру мәселесі қарастырылып жатыр ма ? Бұл мәселе қашан шешімін табады?

Жанат Сүлейменов, ҚР ІІМ криминалдық полиция комитетінің төрағасы:
-Ішкі істер министрлігінің жеке құрамы өте үлкен. Сондықтан қомақты қаражат керек. Жыл сайын бұл мақсатқа 33 млрд. теңге керек. Дегенмен, мәселе қарастырылып жатыр.

Кездесуден кейін Жанат Сүлейменов патрульдік полиция батальонының кавалериялық взводы мен кинологиялық қызмет орталығының жұмысымен танысты. Қылмыстарды ашуда полицейлерге қызметтік иттер үлкен көмек. Бүгінде орталықта 15 төрт аяқты жануар бар. Олармен он бес тәжірибелі маман жұмыс істейді.

Айымгүл Әбілева