Спорт

Бұқаралық спортты дамыту

 

 

 

 

Президент соңғы жолдауында қазақстандықтардың кемінде 30 пайызын бұқаралық спортқа тартуды жүктеген. Бұл көрсеткішке жету үшін бүгінде нақты істер жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, жоспар бойынша экономиканың шикізаттық емес секторына тартылған шетелдік инвестицияның бір бөлігі еліміздегі туризм және спорт саласын дамытуға бағытталыпты.

Дариға Қамзебаева, ҚР туризм және спорт министрлігінің стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры:
-Спорт енді ғана дамып келеді. Ал туризмге келетін болсақ, нақты жетістіктер бар. Бүгінде туристердің саны әлдеқайда өскендігі байқалады.

Әсіресе шетелге саяхаттағысы келетін қазақстандықтардың қатары қалыңдаған екен. Мәселен,  2007 жылы 5 млн-ға жуық отандасымыз шекара асса, биылғы жыл басынан өзге елдің қонақжайлылығын таныған саяхатшылардың саны 7 млн-ға жеткен. Бұл сонымен қатар жолдауда айтылған басым бағдардың бірі қазақстандық азаматтардың әл-ауқатының өскендігінің көрсеткіші десек артық болмас. Салауатты өмір салтын қалыптастыру да кенже қалып жатқан жоқ.

Дариға Қамзебаева, ҚР туризм және спорт министрлігінің стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры:
-Жыл сайын бұл салаға мемлекеттен бөлінетін қаржы өсіп келеді. Қазақстандықтарды жаппай спортқа тарту үшін елімізде жаңадан спорт кешендері бой көтеріп, заман талабына сай материалдық-техникалық база нығайтылуда.

Спорттың етек жаюына тұсау болып тұрған бірден бір мәселе маман тапшылығы дейді жиынға қатысушылар. Министрлікте заманауи кәсіби бапкерлердің орнын толтыру үшін жағдайлар жасалып жатыр.

Дариға Қамзебаева, ҚР туризм және спорт министрлігінің стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры:
– Спорт пен мәдениет салаларын дамытуға үлес қоса алатын жаңадан мамандықтар ашу көзделуде. Олар шетелдерде біліктіліктерін шыңдайтын болады. «Болашақ» бағдарламасы аясында 2015 жылға дейін біз 50 маманды қайта даярлықтан өткізуді жоспарлап қойдық.

Дариға Қамзебаева шетелдің ЖОО білімін жетілдіру мүмкіндігіне солтүстікқазақстандықтар да ие екендігін айтады. Бүгінде 128 мыңнан астам жерлесіміз спортқа ден қойған. Былтыр өңірдің майталман спортшылары Азия, Әлем біріншіліктерінен 24 алқа еншілепті. Биыл құрама қоржынындағы алқа саны 94-ке жетті. Ел тәуелсіздігін алған жылы Ұлттық құрама сапында 11 жерлесіміз ғана болса, биыл көк тудың астында 259 солтүстікқазақстандық бақтары мен баптарын сынап жүр.

Жеңіс Ермұқанов