Ауыл шаруашылығы

Астықты сақтау – өзекті мәселе

 

 

 

 

Облыс диқандары орақ науқанын қазанның 27-не дейін толығымен аяқтауды жоспарлап отыр. Бүгінде орташа гектар берекелігі 22,3 центнерден айналуда. Биылғы шыққан егіннің сапасы өткен жылғы көрсеткіштен екі есе артық.

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
-Бүгінде элеваторлардың сыйымдылығы 3,3 млн тоннадан артық бидай сақтауға шақталған. Тағы қосымша қоймаларды қоса алғанда 6 млн. тонна астық сақтайтын мүмкіндігіміз бар. Қалған 2 млн тонна астықты сыйдыратын жағдайдың жолдарын қарастыру керек.

Бүгінде облысымыздағы 50 элеватордың қоймалары 80 пайызға бидаймен толыққан. Кейбірінде тіпті жаңа астықты қабылдайтын орын жоқ. Сондықтан бірқатар    кәсіпорындар кептірілген астықты ашық аспан астында сақтауға мәжбүр.

Иван Овчаренко, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы:
-Элеваторлардағы аса қажет орындарды босату үшін корпорацияға қарасты 188,8 мың тонна бидайды өзге аумақтарға тасымалдау жоспарланған. Бүгінде осы мемлекеттік ресурстағы астықтың 131,2 мың тоннасы шығарылды. Сондай-ақ түрлі компаниялар жергілікті астық қоймаларынан Қазақстан бойынша экспортқа 296,4 мың тонна дән сатып алды.

Дегенмен бұл орын жетіспеушілік мәселесін шешуге аздық етіп тұр. Сондықтан кездеуге польшалық “Арай” компаниясының өкілдері шақыртылды. Шетелдік фирма жергілікті агроқұрылымдарға стационарлық және жылжымалы бидай кептіргіш, тазалағыш, тасымалдағыш құрылғылармен түрлі сұрыпты сақтауға арналған қоймалар кешенін салып береміз деп отыр.

Томаш Реслер,”ARAJ” компаниясының вице-президенті:
-Біздің компания орақ науқанында жиналған бидайды ұзақ мерзімге сақтаудың жолдарын ұсынады. Біз жаңа технологиялардың көмегіне жүгінеміз. Дымқыл бидайды кептіруден бастап, сапалы тасымалдаудың бар қызметтерін жасай аламыз.

Шетелдік компания осы ретте Еуропа нарығындағы көшбасшылардың қатарында. Бидай сақтауға қатысты ұтымды жобалары көптеген елдерде жүзеге асып жатыр. Кәсіпорын жергілікті қондырғылардың қызметін жетілдірумен де айналысады. Бұндай мүмкіндіктер өңіріміздің астық қабылдау кәсіпорындарының жетекшілерін қызықтырмай қоймады.

Вадим Червинский, “Смирнов элеваторы” ЖШС директоры:
-Біздің бидай кептіретін құрылғылар жанар-жағармаймен жұмыс істейді. Сіздер бізге оны газ немесе шөппен қызмет ететіндей жағдай жасай аламыз дейсіздер. Биыл бізде шөп көп, егер де мүмкін болса инженерлеріңіз біздің элеваторға келіп осылайша жетілдіруге болатын құрылғыларды анықтап берсе дейміз.

Петр Козак, “ARAJ” компаниясының коммерциялық директоры:
-Әрине, бізде бұндай мүмкіндіктер қарастырылған. Оны сол орынға барып іс жүзінде қуаттылығын байқап зерттеу керек.

Элеватор жетекшілері келісімнің бар шарттарымен танысып, қызмет бағасын біліп алу керек дейді. Егер де тиімді болса, әріптестік орнатуға әзір екендіктерін жеткізді.

Жеңіс Ермұқанов