Қайырымдылық

Ардагерлердің Астанаға саяхаты

 

 

 

Қарияларды қолдау айлығы басталғалы Астанаға 160 еңбек ардагері сапарға шығыпты. Бүгін сондай саяхаттан тағы 20 адам оралды. Елорданың ең көрікті жерлерін аралаған аға буын өкілдері оң әсер алып, біраз сергіп қайтса керек. Олар таяуда ғана ашылған “Хан шатыры” сауда орталығында, “Океанариум” ойын-сауық кешенінде, Бәйтеректе, Тәуелсіздік сарайында болыпты. Еңбек ардагері Сапыш Кочерова Елбасымыздың бұрынғы резиденциясына барғанын үлкен мақтанышпен айтты. Себебі бас қаламызды Ақмоладан Астанаға көшіру туралы шешім қабылданған жерде болу мен үшін үлкен мәртебе дейді.

Сапыш Кочерова, еңбек ардагері:
-Мен Астанада осымен екінші рет болдым. Қала біраз көркейіпті. Әсіресе кеш кезінде Елорда аса әдемі екен.

Есіл ауданының «Амангелді» совхозына көп жыл бойы еңбек сіңіргені үшін Мүбәрәк Құрманғожин де Астанаға жолдама алыпты. Қария Елордасында тура 10 жыл болмағанын айтады. 79 жастағы қария содан бері бас қаланың біраз өзгергенін айтады.

Мүбәрәк Құрманғожин, еңбек ардагері:
-Қала біраз өзгеріпті. Маған ұнады. Түрлі жерлерін араладық. Алған әсерім мол.

Бүгін ардагерлер саяхаты соңғы рет ұйымдастырылды. Дегенмен, дәстүрлі шара ендігі жылы да жалғасын таппақ.

Гүлден Төлеген