Қоғам

Ақпараттық үгіт-насихат тобы әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесті

 

 

 

 

Бұл республикалық ақпараттық-үгіт тобының біздің облысымызға алғаш келуі емес. Қаңтар айында Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» жолдауында қойған міндеттері түсіндірілсе, бұл жолы 10 ай ішінде атқарылған жұмысты қорытындылаудың да кезі жеткен. Әлеуметтік салада қолға алынған маңызды жобалардың бірі – «Халықты жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы.

 Гүлзада Сұлтанова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жинақтаушы зейнетақы жүйесі және әлеуметтік сақтандыру басқармасының бастығы:
– «Халықты жұмыспен қамту -2020» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша СҚО оң нәтижелерге қол жеткізген. Бағдарламаның 3 бағыты да сәтті орындалуда. Халықты оқыту, қайта даярлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Елбасының қойған міндеттері орындалады деп ойлаймын.

Өңірімізде «Халықты жұмыспен қамту -2020» бағдарламасына қатысуға 1,4 мың адам ниет білдіріпті. 17 білім беру ұйымында ерекше сұранысқа ие 45 мамандық бойынша кәсіби даярлау курстары жүргізілуде. Жиынға қатысушыларды халықты жұмыспен қамтумен қатар әлеуметтік сақтандыру мәселесі мен зейнетақы қорларының жұмысы да қызықтырды.

Сұрақ:
-Зейнетақы қорларында 3 түрлі портфель болады дегенді естідім. Бұл жаңашылдықтар 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін бола ма?

Жауап:

-2012 жылдың қаңтар айынан бастап, тек бірыңғай және консервативті портфель қолданысқа енбек. Ал агрессивті портфельді 2015 жылдан бастап қолдану жоспарланып отыр.

Елбасы жолдауындағы бір бөлімнің «Әлеуметтік модернизация – жаңа әлеуметтік саясат» деп аталуы тегіннен емес. Өйткені халықты әлеуметтік қорғаудың жетілдірілген жүйесі елдегі тұрмыс жағдайының артуына жол ашпақ дейді кездесуге қатысушылар.

Ләззат Шайхлесова, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары:
– Мұндай кездесулер өте маңызды. Біздің облыс бойынша 97 үй салынып жатыр. Конкурстық процедуралар өткізіліп жатыр. Көптеген проблемалар көтерілді.

Республикалық үгіт-насихат тобы өңірімізде 2 күн болмақ. Ендігі кезекте аудандардағы әлеуметтік нысандарды аралау жоспарланып отыр.

Инеш Шоқақова