Көлік және жолдар

Саяжай жолдары жөнделді



Петропавлда саяжай қоғамдарына апаратын жолдарды жөндеу қолға алынған болатын. Бұл мақсатқа қалалық қазына резервінен 10 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Жөндеу жұмыстарымен айналысқан бас мердігер «Арс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 20 шақырым грейдерді тегістеп, 19 шақырым жолды қиыршық таспен жапқан.

Виктор Малинко, қалалық «Саяжайшылар» ҚҚ төрағасы:

-Қала әкімінің бастамасымен үстіміздегі жылы саяжайшыларға баса назар аударылды. Соның нәтижесінде жолдарды жөндеуге арналған жоспар бекітіліп, бөлінген қаражат толығымен игерілді. Енді, қала аумағындағы аталмыш қоғамдарға кіретін жолдармен жүру қиындық туғызбайтын болды.

«Петропавл су» ауданында орналасқан «Насосная – Старт» бағытында 6 саяжай қоғамы бар. Осы уақытқа дейін саяжайшыларды жол мәселесі алаңдатқан екен.

Юрий Стариков, «Кировец-2» және «Водопроводчик» саяжай қоғамдарының төрағасы:

– Бұрын мұнда жүру мүмкін емес еді. Жауын-шашын көп жауған кезде жолдар батпаққа айналған. Енді жолдар қалыпқа келтірілген соң саяжайға келетін автобус та жақсы жүруде. Сондай-ақ бау-бақша шаруашылығының иелері өз қаражаттарына жарық өткізді.

Жалпы бүгінгі күні қала бойынша 136 саяжай қауымдастығы тіркелген. 47 мыңға жуық учаскенің тек жартысы ғана қолданыста. Осыған байланысты 2012-14 жылдарға арналған бағдарламада барлық аумақта жол жөндеу жұмыстарымен қатар су мен жарық өткізу көзделіп отыр.

Жандос Наурызбаев