Қоғам

Құнды қағаздар нарығында қалай табысқа кенелуге болады?

 

 

 

 

Депозит, зейнетақы қоры сияқты ұғымдармен жұртшылық етене таныс. Ал қор нарығы дегеніміз не? Құнды қағаздармен қалай жұмыс істеген дұрыс? Бұл жайттарды көпшілік жете біле бермейді. Сондықтан халықтың қаржылық сауаттылығын арттырып, инвестициялық мәдениетін көтеру бағытында елімізде ауқымды шаралар қолға алынуда. Барлық өңірлерде өткізіліп жатқан ақпараттық-оқыту семинарларының да көздегені осы. Алғашқы кездесуге мемлекеттік қызметшілер шақырылған. Елімізде өткен жылы қабылданған заң бойынша мемлекеттік қызметшілер қор нарығын инвестициялауға қатыса алады. Яғни, олар енді құнды қағаздарды сатып алу мүмкіндігіне ие. Сондықтан мұндай оқыту семинарлары қажет-ақ.

Аида Балабаева, СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы:
-Осындай шаралардың маңызы үлкен. Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру қажет. Ауқымды түсіндіру жұмыстарын өткізу керек. Енді мемлекеттік қызметшілерге де бағалы қағаздарды сатып алып, сату мүмкіндігі беріліп отыр. Сөйтіп, олар да қазақстандық қаржы нарығын дамытуға қатыса алады.

Құнды қағаздар нарығында қалай жұмыс істеген жөн? Табысқа кенелу үшін қандай заңдар мен тәртіптерді меңгерген дұрыс? Мүмкіндіктер мен қауіп-қатерлерді алын-ала қалай болжауға болады? Кездесуге жиналғандар осы сұрақтар бойынша мамандардың кеңесін тыңдады. Тағы бір маңызды жайт, мұндай шаралар дайындық кезеңі болып табылады дейді Комитет өкілдері. Өйткені елімізде жаңа бағдарлама әзірленді. Сөйтіп, енді халық Қазақстандағы ұлттық компаниялардың бағалы қағаздарын сатып алу мүмкіндігіне ие болмақ. Жаңа бағдарлама 2012 жылдан жүзеге асырыла бастайды.

Айымгүл Әбілева