Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі”

 

 

 

 

“Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі”. Осыны түйсінген жастар бүгінде елді мекендерді көркейтуге атсалысып, өз үлестерін қосуда. Жаз бойы өскелең ұрпақ ауылдарды абаттандыру үшін ауқымды жұмыс атқарды. Бұл акция – қазақстандық жастардың өткен жылдан қолға алған игі бастамасы. Бұдан өзге кейінгі буын ауылға барып еңбек етуге де ынта танытып отыр. Биыл ғана “Дипломмен – ауылға” бағдарламасы бойынша 400-ге жуық жас маман аудандарға жол тартты. Ал оларға мемлекет қолайлы жағдай жасап жатыр.

Самат Жәкенов, “Нұр Отан” ХДП “Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының атқарушы хатшысы:
-Ауылда еңбек етуге ниет танытқан жастарға көтермеақы мен баспана алуға төмен пайыздық үстемеақымен несие берілуде. Олар түрлі салада жұмыс істеп жатыр. Мұның барлығы мемлекеттің ауылды дамытуға үлкен көңіл бөліп отырғандығын айғақтайды.

Бұл ретте мемлекет жастардың бастамаларына барынша қолдау көрсетіп келетінін айту керек. Мәселен, өткен жылы өңіріміздегі жастар ұйымдарына әлеуметтік тапсырыс 7 млн. теңге көлемінде бөлінсе, биыл бұл сома 19 млн. теңгеге жеткен.

Самат Жәкенов, “Нұр Отан” ХДП “Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының атқарушы хатшысы:
-Шал ақын ауданындағы үкіметтік емес ұйымдар өкілдері бүгінде жақсы жұмыс жасап жатыр. Жастар барлық шараларға белсенді араласып, игі бастамаларды жүзеге асыруда. Осындай үлгі тұтарлық жастар ұйымдары барлық аудандарда болғанын қалаймыз.

Тағы бір маңызды жайт, жастар саясаты жөніндегі заңнамаға өзгертулер енгізілмек. Бүгінде заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр. Оның аясындағы жаңашылдықтар ауыл жастарын да айналып өтпек емес.

Самат Жәкенов, “Нұр Отан” ХДП “Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының атқарушы хатшысы:
-Жаңашылдықтардың бірі – ауыл жастары арасында қысқы және жазғы спартакиадалар өткізу көзделген. Бұл кейінгі буын өкілдерінің салауатты өмір салтын ұстануларына септесетіні сөзсіз. Сонымен қатар аграрлық бағыт енгізілмек. Бұл жаңашылдықтың ауыл шаруашылығын дамытуда маңызы зор болмақ.

Заң жобасын депутаттар өзгеріссіз қабылдайды деген үмітте кейінгі буын өкілдері. Өйткені, ол – ел жастарының ұсыныс пен ой-пікірлерінің негізінде әзірленіпті. Яғни, жаңа заңда өскелең ұрпақтың алға қойған мақсат-міндеттері толық айқындалған.

Айымгүл Әбілева