Қайырымдылық

Қарттарға қамқорлық

 

 

 

Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуды тимуршылар өз ұранына айналдырған. №13 орта мектептің 8 сынып оқушыларынан жасақталған топ бүгін зейнеткер Ольга Шатованың үй шаруасына қолғабыс жасады. Тимуршы Таисия Васильева қайырымдылық шарасына төртінші жыл қатысып отыр.

Таисия Васильева, № 13 орта мектептің 8 сынып оқушысы:

-Маған Ольга Филипповнаға көмекке келу ұнайды. Себебі қарт әжейдің өмірден түйгені мол.Бос уақытымызда осы үйге келіп, зейнеткердің әңгімелерін тыңдап, көмегімізді көрсетеміз. 

Қыз балалар қарияның үйін жинап, ауласын тазартса, ұлдар отын жарды. Көпті көрген қарт әжей қала балаларына балтаны дұрыс ұстауды көрсетіп берді.
Ольга Шатова Заречный кентінде жарты ғасырдан астам ғұмыр кешіп келеді. Ұлы Отан соғысынан кейін 25 жыл балабақшада қызмет еткен. Бүгінде тоқсанды алқымдаған қария қамқорлықты қажет етуде.

Ольга Шатова, ҰОС ардагері:

-Маған мектеп үлкен көмек көрсетіп отырады. Отын,суымды жеткізуді ұмытпайды.Ешқашан назарсыз қалдырған емес. Қарттар айлығы аясында сыйлықтарымен келіп, білім ордасында өткізілген мерекелік концертке де шақырды. Жалғыз өмір сүргендіктен осындай қамқорлыққа дән ризамын.

Бүгінде №13 орта мектептің қамқорлығына Ольга Филипповна сынды Заречный кентінде тұратын 10 зейнеткер алынған. Жалпы, білім ордасында 7 тимуршылар командасы бар.

Ырымбала Рақышева, №13 орта мектептің мұғалімі:

 -Біз төрт жыл болды демалыс сайын Ольга Филипповнаға келіп, көмектесеміз.Әр қарт зейнеткерге әр сыныптан балалар бөлінген. Алдағы уақытта осылай көмектесеміз.Қолдан келген көмегімізді аямаймыз.

Мұндай шараларды алдағы уақытта да жүзеге асыратын боламыз дейді тимуршылар.

Жандос Наурызбаев