Салық басқармасы

Мүлік салық департаментінде тіркелуі керек

 

 

 

Жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар мүлікті атып алысымен оны 10 күн ішінде салық департаментіне   есепке қоюы керек. Бұл іс әр тұлғаның тұратын мекен-жайы бойынша жасалады. Егер де меншік иесі салық органы алдында міндетін орындамаса, оның мүлік үшін тапсыратын декларациясы есепке алынбайды. Яғни, төлеген барлық салықтары далаға кеткенмен бірдей болады. Өйткені өтелген салық дербес шотқа тіркелмейді екен. Бұл өз кезегінде салық заңын бұзғанмен тең. Соның салдарынан меншік иесіне айыппұл салынады.

Сәлима Рамазанова, СҚО салық департаментінің салық заңнамаларын түсіндіру мен апелляция басқармасының бас маманы:
-Салық кодексінің 577-бабының 3-тармағына сәйкес меншігінде не болмаса иелігінде салық салумен байланысты объектілері бар жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалар оларды тіркеу есебіне қою үшін салық органына 10 жұмыс күні ішінде салық өтінішін тапсыруы керек. Егер салық салу объектілерін есепке қою үшін салық өтініші он жұмыс күні өткеннен кейін ұсынылса, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 205-бабына сәйкес айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Сонымен қатар кеңсе немесе өндірістік ғимараттарға иелік ететін жеке тұлғалар үшін де маңызды хабарландыру бар. Олар нысандар іске қосылмаса да жыл сайын салық департаментіне декларация тапсырып отыруы керек. Сонымен қатар сәуір айының 10-на жеткізбей мүлік салығын төлеуді ұмытпағаны абзал. Нақтырақ айтсақ, меншік иесі сатып алған иелігінің жалпы құнына сәйкес 0,5 пайыздық ставкамен салық төлейді.

 Гүлден Төлеген