Денсаулық сақтау

Қатерлі ісіктің алдын алу

Елімізде скринингтік тексеру жүйесі осыдан 3 жыл бұрын пайда болған екен. Сол кезден бастап жерлестеріміз де бұл қадағалаудан өтіп келеді. Мерзімінде скринингтік тексеруден өту сүт безі обырының алдын алудың, ерте сатыда емдеудің тиімді тәсілі. 50-60 жас аралығындағы әйелдер тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымдарда бұл бақылаудан тегін өте алады. Облысымызда 6 маммограф құрылғысы бар. Оның 2-і қалада болса, қалғандары Ғ. Мүсірепов, Тайынша, Айыртау және Қызылжар аудандарында.

Ольга Пукса, облыстық онкологиялық диспансердің рентген бөлімінің меңгерушісі:
-Маммографиялық скрининг «Мелоди» рентген аппаратында жасалады. Барлық суреттер онкологиялық диспансерге жеткізіледі. Олар осындағы мұрағатта өмір бойы сақталады. 50-60 жас аралығындағы әйелдер 2 жылда бір рет осындай бақылаудан өтеді.

Ағымдағы жылы 19 651 солтүстікқазақстандық әйел маммографиядан өтіпті. Нәтижесінде 9 айдың ішінде 50-60 жастағылар арасында 39 сүт безінің қатерлі ісігі анықталған. Оның 22-сі қала тұрғындары. Бұл көрсеткіштің жоғары болуына азаматшалардың денсаулыққа көп көңіл бөлмеуі себеп болып отыр дейді дәрігерлер. Сондықтан да ақ халаттылар сүт бездері ауруларын алдын алудың тиімді тәсілдерін айтып, түрлі кеңес беруде.

Марат Тұрғынов, облыстық онкологиялық диспансердің онколог-дәрігері:
– Әрбір әйел адам кем дегенде айына бір рет өз-өзін тексеруі тиіс. Ол үшін айнаның алдына тұрып, сүт бездерінің қолтық астынан бастап іш қуысындағы жүйкелердің біріккен жеріне дейін қолмен басып қарау керек. Егер де сіздер белгісіз бір түйіндерді, немесе өзге де ауытқушылықты байқасаңыз, дереу дәрігердің көмегіне жүгінгеніңіз дұрыс.

Статистикалық мәліметтерге қарағанда 9 айдың ішінде сүт бездері қатерлі ісігі ауруының 151 фактісі тіркеліпті. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда ұлғайған екен. Оны төмендету үшін денсаулығымызды жіті қадағалап, нәзік жандар міндетті түрде 6 айда 1 рет маммолог дәрігерге қаралуы тиіс.

Айдана Демесінова