Билік

Орақ науқаны, жолдар және бюджет

 

 

Қазіргі таңда Ақжар, Тайынша, Уәлиханов аудандарында астық бастыру науқаны аяқталған. Айыртау, Ғ.Мүсірепов аудандарында да бұл жұмыстың 99,3 пайызы еңсеріліпті. Гектар берекелігі 21,7 центнерді құрап отыр. Сондай-ақ 233,4 мың га аумақтағы майлы дақылдар орылып, картоп жинау жұмыстары аяқталған.

Иван Овчаренко, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы:
– Қазіргі таңда аймақта 3 857,5 мың га астық бастырылды. 8 383 мың тоннасы қамбаға құйылды. Көкөніс жинау жұмыстары да жалғасуда. Өңіріміз жергілікті өндірістегі картоп және көкөніспен толықтай қамтамасыз етілмек.

Келер жылғы астық жайы да назардан тыс қалмады. Қазіргі таңда 2012 жылға арналған тұқым 100 пайыз әзірленген. Бұл 546,2 мың тонна. Дегенмен аудандарда егін ору науқанына қажетті заманауи техниканың жеткіліксіздігі байқалады. Сондай-ақ элеваторларда астықты қабылдап, сақтау мәселесі де ақсап тұр. Ауа райының қолайсыздығы диқандардың орақ науқанын дер кезінде аяқтауына қол байлау болуда.

Иван Овчаренко, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы:
-Кейбір аудандарда егін ору қарқыны бәсеңдеп қалды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты диқандар егіс алқабына түс кезінде шығуға мәжбүр. Бұл жұмысты 27 қазанға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Отырыста қаралған келесі мәселе – бюджеттің толығуы. Қазіргі уақытта жоспардағы 16 млрд 429 млн теңгенің орнына қазынаға 15 млрд 238 млн теңге ғана түскен.

Ескен Әкімжанов, СҚО қаржы басқармасының бастығы:
– Жергілікті бюджетке Ақжар, Аққайың, Айыртау, Тайынша аудандарынан табыс аз түскен. Бұл көрсеткіш Ақжар ауданында 85,1 пайыз, Аққайың ауданында 85,3 пайыз, Айыртау ауданында 89 пайызды құрап отыр.

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
-Облыстық бюджеттің толығуын қадағалап, мониторинг жүргізу қажет. Әрдайым жергілікті бюджетке түсетін қаражатты жоспарлауды тапсырамын.

Сондай-ақ жолдарды қыс мезгіліне әзірлеу мәселесі де назардан тыс қалмады. Жолдарды қалпына келтіруге кәсіпкерлік нысандары мен агроқұрылымдарды тарту жағы да маңызды. Бұл ретте облыс әкімінің бастамасымен жыл сайын өткізілетін автокөлік жолдарын жөндеу айлығы оң нәтижелер беріп отыр. Биыл бұл айлық  қазанның 20-ы басталды.

Қайыргелді Сыздықов, СҚО автокөлік жолдары және жолаушылар тасымалы басқармасының бастығы:
– Үстіміздегі жылы аудандық және облыстық жолдарға 35-40 тонна инерттік материал қажет. Бұл жұмыс жоспарға сай орындалады деген ойдамыз.

Төртінші мәселе – жергілікті және республикалық трансферттердің игерілуі. Үстіміздегі жылы әлеуметтік сала мен тұрғын үй нысандарының құрылысы мен қалпына келтіруге ерекше көңіл бөлінген. Бұл мақсатқа 10 млрд 834,7 млн теңге қаражат қарастырылыпты.

Игорь Киселев, СҚО құрылыс басқармасының бастығы:
– Тұрғын үй нысандарының құрылысы мен қайта жөндеуге республикалық бюджеттен бөлінген қаржының 74,6 , облыстық қазынадан қарастырылған соманың 80,6 пайызы игерілді. Республикалық бюджеттің 1 млрд 493,7 млн теңгесі пайдаға жаратылмаған.

Жалпы үстіміздегі жылы тұрғын үй құрылысына 656,7 млн теңге бөлінген. Желтоқсан айында облыста 222 тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарланып отыр.

Инеш Шоқақова