Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір басшысы жұмыс сапарымен Мағжан Жұмабаев ауданында болды

 

 

Облыс әкімі Серік Біләлов М. Жұмабаев ауданына қарасты Фурманов ауылдық округіндегі жаңа мал кешенінің құрылысымен танысты. «Нұрсен Агро» серіктестігінің бұл фермасы 600 бас ірі қараға шақталған. Бүгінде шаруаның тең жартысы тындырылыпты. Бұл жерде германдық симентал тұқымды қара мал өсірілетін болады. Осы мақсатта “Солтүстік” әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясының көмегімен шетелден 431 бас асыл тұқымды тайынша жеткізілді. Зеңгі баба төлдерінің жаңа түрлері жергілікті тұқымды асылдандыру мақсатында пайдаланылады. Серіктестіктің атқарушы директоры Асқар Бисарин өңір жетекшісіне сиырлардың биыл жаңа қораларда қыстап шығатынын айтты. Ол үшін  3 бригаданың жұмысын әзірге фермаға 1,5 шақырым жерден су өткізу мәселесі тежеп тұрған көрінеді. Аймақ басшысы бұл мәселеде жәрдемдесетінін жеткізді. Кейін Серік Біләлов “Тың Жер” ЖШС элеваторының жұмысымен танысты. Астықты жылғы орақ науқанында серіктестік өзіне тиесілі 1 мың 600 га  алқаптан 26 мың тонна бидай бастырыпты. Өңір жетекшісі өнімнің сапасы жайлы сұрады. Мұнда орақтың соңында бидайдың кілегейлігі   25-26 пайызға дейін барған көрінеді. Бүгінде 15 мың тонна астық сақтауға шақталған қоймалар толық. Астықтың 30 пайызы 3-ші сұрыпты, өзгесі 4-ші класты екен.

Евгений Карабанов, “Тың Жер” ЖШС директоры:

-4-ші класс та жаман емес, сұранысқа ие. Сондықтан қобалжудың қажеті жоқ. Міндетті түрде тиімді бағамен өткіземіз. Бидайымыз сыймай қалады деп те уайымдамаймыз. Оны сақтаудың өзге де түрлері бар емес пе!?. Бар мүмкіндігімізді пайдалануға тырысамыз.  

Ағымдағы жылы серіктестік 2 мың тонна бидай сақтауға болатын қосымша қойма салып жатыр. Биылғы дән бір аптадан соң жаңа қоймаға төгілетін болады дейді шаруашылық басшысы Евгений Карабанов. Сонымен қатар облыс әкімі астық қабылдау орнында қарастырылған бидай төгетін қосымша алаңдардың бар екеніне көз жеткізді. 2 мың тоннаға жуық кептірілген  астық, сыйымдылығы 200 тонна болатын полиэтилен қапшықтарға салыныпты. Бұндай жаңашылдық бидайды көктемге дейін бүлдірмей сақтаудың таптырмас жолы дейді мамандар.
Бұдан кейін аймақ басшысы аудан орталығында салынып жатқан” Булаев астық” элеваторының құрылысымен танысты. Жаңадан бой көтеріп жатқан  кәсіпорынның сыйымдылығы 30 мың тонна бидайға шақталған. Жоба құны 145 млн. теңге. Қазір ылғалдылығы шамадан тыс астықты кептіретін агрегаттар орнатылып жатыр. Мердігер “Көкшетаухлебстрой” ЖШС құрылысты үстіміздегі жылдың шілде айында бастап кетіпті. Облыс әкімі Серік Біләлов қауырт маусымда аса қажет нысанның қолданысқа берілуін жылдамдатуды тапсырды. Мүнда бетон құю жұмыстарының 90 пайызы аяқталыпты. Ендігі қалғаны негізгі қондырғыларды орнату. Бұл жұмыстар 1 айда тындырылмақшы. Әзірге бар жұмыстар жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Қарашаның 20-ы күні элеватор қолданысқа берілмекші.

Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі ат басын М. Жұмабаев ауданының орталық ауруханасына бұрды.   Серік Біләлов аурухананы аралап, науқастардың денсаулықтарын сұрап білді. 105 орынға шақталған емдеу мекемесі өз қаржысына ғимараттың қас бетін кезекті жөндеуден өткізіп, кіре берісті жаңартқан. Үстіміздегі жылы денсаулық сақтау мекемесі 6 дәрігермен толығыпты. Жаңадан келген мамандар баспанамен қамтылып, көтермеақы алған.

Жеңіс Ермұқанов