Спорт

Маутинбайктан біріншілік

Биылғы маусым Никита Кабачек үшін нәтижелі болды. Ол түрлі жарыстарға қатысып 9 алтын медальді еншілеген. Маутинбайк біріншілігінде велоспорттан олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер тәрбиеленушілері арасында сынға түсіп, мәре сызығын алғаш болып кесті. Жалпы Никита аталмыш спорт түріне 3 жыл бұрын бет бұрған.

Никита Кабачек, велоспорттан ОРМБЖСМ тәрбиеленушісі:

-Жүру қиын болды. Қарсыластарым да мықты. Құм арқылы, жартастарға көтеріліп – түсу оңай болмады. Бірақ, қиындықтарға төзе білгенімнің нәтижесінде 6 айналымды жүріп өтіп, қоржынымды тағы бір алтын жүлдемен толықтырдым. Алдағы уақытта Винокуров сынды мықты велошабандоз болу – менің басты мақсатым.

Арман Тулин бүгінде велоспорттан спорт шебері дәрежесіне ие болды. Жақында Астана қаласында өткен жарыста топтық құрамда өнер көрсетіп бірінші орыннан көрінді. Бұл жолы да 10 айналымды 23 минутта бағындырып, ортаңғы топта алғашқы болып мәре сызығын қиды.

Арман Тулин, велоспорттан ОРМБЖСМ тәрбиеленушісі:

-Нәтижем көңілімнен шықты. Әрине, бірінші келу оңай болмады. Тынымсыз дайындық өз жемісін берді.

Күз мезгілінде дәстүрлі түрде өткізіліп отыратын маутинбайк біріншілігіне 90-ға тарта спортшы қатысты. Олар жас ерекшелігіне байланысты 3 топқа бөлініп, ересек спортшылар 20 шақырымды жүріп өтті.

Владимир Овсянников, велоспорттан ОРМБЖСМ аға жаттықтырушысы:

– Балаларымызға осы сынды жарыстардың берері мол. Спортшылардың велоспортқа деген қызығушылығы артады. Тәжірибелерін де ұштайды.

Жалпы, биылғы маусымда жерлес шабандоздар екі республикалық және 25-ке жуық қалалық бәйгелерге қатысқан. Сондай-ақ ел құрамасының ересектер қатарына Бахтияр Қожатаев қосылса, Александр Овсянников, Кирилл Вяткин және Богдан Галотченко кіші топқа алынды. Ал, аталмыш жарыста бірінші орынды иеленген спортшылар келесі жылы Шымкентте өтетін республикалық жарысқа жолдама алмақ.

Жандос Наурызбаев