Қайырымдылық

Даниял Венада емделеді

Даниял Сауытов дүниеге мерзімінен бұрын және аса ауыр сырқатпен келген. Дәрігерлер туа біткен жүйке жүйесінің ауруы деген диагноз қойған. Қазір сәби екі жастан асты. Өздігінен дем ала алмайтын нәресте тек арнайы құрылғының көмегімен ғана өмір сүріп келеді. Мұндай ауыр науқасқа шалдыққан Даниял еліміздегі жалғыз бала. Қазақстандық дәрігерлердің көмегі нәтиже бермеген. Енді шетелде ем алу мүмкіндігі туып отыр.

Мәриям Бапанова, СҚО денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары:
-Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы арнайы комиссияның шешімімен Даниял Австрияда ем алатын болды. Ең алдымен оны шетелдік дәрігерлер толық тексереді, содан ем жасау мүмкіндігі қаралады. Емнің төлемін толық мемлекет өтейді.

Даниял мен анасын алып кету үшін Венадан дәрігерлер арнайы ұшып келген. Сәби бес-алты сағаттың ішінде Австриядағы ауруханалардың біріне жеткізіледі.

Вера Усманова, Даниялдың әжесі:
-Бұл сапардан күтетініміз көп. Немереміз өздігінен дем алып кетсе дейміз. Жүріп-тұрып, өзі тамақ ішетін болса – қандай бақыт. Шетелдік дәрігерлер көмектеседі деген үміт зор.

Шетелдік дәрігерлер баланы бір ай қарағаннан кейін қандай ем жасау мүмкіндігі бар екенін айтпақ. Ал Даниялдың туғандары әуежайға енді қуаныш бөлісуге жиналамыз деген үмітте. Олар сәбидің әлі-ақ сауығып, өзге балалар сияқты ойнап-күлгенін көреміз деп сенеді.

Айымгүл Әбілева