Балалар

Жастардың белсенділігін арттыру

“Болашақ жастар үшін” бағдарламасы биыл ғана іске қосылды. Оның мақсаты елін көркейтуге өз үлесін қосқысы келетін жастарды анықтау болып табылады. Бүгінгі семинар-кездесу де осыған бағытталды. Жиында талантты жастар өздерінің тың жобаларын ұсынды. Кездесуде тамаша авторлық идеялары­мен дараланғандар аз болмады. 30 адам елдің әлеуметтік деңгейін көтеруге бағытталған еңбектерін ұсынып, аудиторияның қызығушылығын оятты.

Ермек Рахимов, “Болашақ” корпоративтік қорының директоры:
-Біздің семинарға қатысушылар өздерінің жобаларын шығарма түрінде берді. Нақтырақ айтсақ, олар өздерінің аймағына байланысты тың идеяларын қағаз бетіне көркем тілде түсіріп берді. Меніңше бұл жобаның сапалы болуына септеспек. Өйткені шығарма арқылы ойыңды түгел жеткізуге болады.

Егер жоба нарықта сұранысқа ие болып жатса, «Болашақ» қауымдастығы оны жүзеге асыруға міндетті түрде септеспек. Яғни олар дәл осындай идеяларға зәру инвесторлар мен компанияларды табуға қол ұшын береді. Бүгінгі таңда басқа облыстарда өзінің жобасымен көзге түсіп, қолдау тапқандар баршылық.

Людмила Бурлаченко, “Enterra” халықаралық орталығының жетекшісі:
-Өскеменде өткен семинарда бізге туризмді дамыту жөнінде жоба ұсынылды. Біз авторды тыңдап, жобаны дамытудың оңтайлы әдісін қарастырып, жақсы ойларды дүниеге әкелдік. Сол сияқты білім саласында да бірнеше жобаларды талқылап, оны жан-жақтан толықтырдық.

 

 

Енді мұндай семинар­лар Қызылорда, Қарағанды, Астана қалаларында жалғасын таппақ.

Гүлден Төлеген