ТКШ

Тұрғын үйлерді қалпына келтіру бағдарламасының бірінші кезеңінде 21 үй жөнделді

 

 

 

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы облыс орталығында шілде айынан жүзеге асырыла бастады. Бүгінде бағдарламаның бірінші кезеңін қорытындылайтын кез жетті. Аталмыш жоба аясында қаламыздағы 21 көппәтерлі тұрғын үйде жөндеу жүргізілді. Бүгінде бес үйде қалпына келтіру жұмыстары аяқталған.

Сергей Худяков, “Қазақстан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту және жаңғырту орталығы” ҚБ СҚОФ директоры:
-Жиырма бір үйдің жиырмасында шатыр жөнделуде. Тұрғындар көп ретте осы мәселеге қатысты шағымданады. Осы күні қалалықтардан тағы 18 өтініш түсті. Енді осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыра бермекпіз.

Бүгінде облыс орталығында 1035 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның жартысына жуығының салынғанына қырық жылдан астам уақыт өткен. 346 үйге шұғыл түрде күрделі жөндеу жүргізу қажет. Бұл орайда жаңа бағдарлама тұрғындарға үлкен көмек. Мемлекет халыққа үйлерін жөндеп алуға зор мүмкіндік ұсынып отыр. Бірақ тұрғындар әлі де асығар емес. Жаңа бағдарламаның тиімділігін түсіндіру мақсатында жыл басынан тұрғындармен 180 кездесу ұйымдастырылған.

Жангелді Тәжин, қалалық мәслихат депутаты:
-Алматыда биыл 56 үй жөнделді. Келесі жылға жүздеген өтініштер түскен.Ал бізде әлі күнге дейін тұрғындар асығыстық танытар емес. Қимылдау керек. Мемлекет үлкен мүмкіндіктер жасап жатыр.

Кездесуге жеке пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары арнайы шақырылған. Олар жаңа бағдарламаға қатысты толғандырған сұрақтарын қойды. Жөндеу жұмыстарын жүргізуге биыл облыс орталығына 400 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінген. Алдағы уақытта бағдарламаны жүзеге асыруға жыл сайын 600 млн. теңге шамасында қаражат бөлінетін болады.

Айымгүл Әбілева