Құқық қорғау органдары

Табиғат қорғау заңнамасын бұзатындар аз емес

Облыс аумағында түрлі қалдықтарды орналастыру мен жою ресми түрде тек 3 полигонда жүзеге асырылады. Оның екеуі Петропавлда және үшіншісі Аққайың ауданында. Бірақ өңірде рұқсатсыз пайда болған қоқыс ошақтары жетерлік.

Степан Зайтлер, облыс прокурорының орынбасары:
– Үстіміздегі жылы 154 апаттық қоқыс орны анықталды. Оның 66-сы жойылды. Олардың негізгі бөлігі Петропавлда. Бұл қала және елді мекендерде қоқыс орындарының шамадан тыс көбейіп кеткенін көрсетеді.

Сондай-ақ құрылыс үшін ұсынылған жер учаскелерінде де бірқатар олқылықтарға жол берілген. Қалалық әкімдіктегі жер қатынастары бөлімі нақты жоспардың жоқтығына қарамастан, үстіміздегі жылы жеке тұрғын үй құрылысы үшін 29 жер учаскесін бөлген. Мұндай келеңсіздіктерге Жамбыл және Ғ.Мүсірепов аудандарында да жол берілген. Сонымен бірге ұзақ уақыт бойы ешқандай құрылыс жұмыстары жүргізілмеген жер учаскелері де анықталған.

Галина Дмитриенко,облыстық прокуратура басқармасының бастығы:
– Қазіргі уақытқа «Достық» мәдени-демалыс орталығы, Пушкин,  К.Сүтішев көшелерінің бойындағы 64 пәтерлі тұрғын үй кешені сынды құрылыс учаскелеріндегі жұмыс тоқтап тұр. Кейбірінде шаруа тіпті басталмапты да. Бұл мәселе облыстық прокуратураның алқа отырысында қаралды. Қажетті шаралар қолданылмақ.

Соңғы 9 ай ішінде табиғат қорғау саласында 1565 заң бұзушылық анықталған. 120 тұлға тәртіптік, 490 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал қоқысты сұрыптап жинау тәсілін енгізу үшін қала бюджетінен 7 млн 980 мың теңге қаржы қарасытырылп, 100 контейнер сатып алынған. Алайда тұрғындар тың жобаны әлі де қолдар емес.

Болатхан Нұрышкенов, облыстық табиғат қорғау прокуроры:
– Ай сайын қалалық әкімдік заңсыз қоқыс орындарын жою үшін қаражат бөледі. Арнайы бригадалар жұмыс істейді. Нәтиже көңіл көншітерлік емес. Біз қаржыны маусым бойынша бөлу керек деп ойлаймыз.

Табиғат қорғау бағытында да прокурорлар бірқатар тексерістер жүргізген. Бұл жерде қадағалаушы орган 5 мың азаматтың конституциялық құқықтарын қорғап, мемлекет бюджетіне 10,5 млн теңгенің қайтуына септескен.

 

 

Инеш Шоқақова