Әр түрлі

Сарбаздардың даладағы оқу-жаттығуы

Әскери ату алаңы қаруды пайдалану мүмкіндіктерін шыңдауға жақсы жағдай туғызады. Алғашқыда жауынгерлер  белгілі бір орында тұрған нысананы көздеп атса, келесіде қозғалыстағы нысанаға оқ жаудыруы тиіс.  Отан алдындағы борышын өтеушілер Калашников автоматын бөлшектеп бұзу мен жинаудан да мүмкіндіктерін сынауда. Әзірге Атыраудан келген Наурызбек Баянов үздік нәтиже көрсетіп отыр. 18 жасар жігіт қаруды 10 секунд ішінде жиып үлгерді. Ал автоматты бөлшектеп бұзу үшін Наурызбекке 6-ақ секунд уақыт қажет екен.

Наурызбек Баянов, 66/37 әскери бөлімнің жедел мақсаттағы батальонының жауынгері:
-4 күн ішінде зонт бойынша жаттығулар болды, ату бойынша жаттығулар болды. Теория бойынша үйренгенімізді іс жүзінде қолданып атырмыз. Даладағы жаттығудың маңызы зор.

Наурызбектің сарбаздар қатарына қабылданғанына көп болмаса, Жандос Орынбасар 1 айдан кейін әскери міндетін өтеп, үйіне оралады. Жауынгер бұл алаңда әскери машықтарын алғаш рет шыңдап отырған жоқ. Сондықтан да 20 жастағы жігіт далалық жаттығулардың маңызы зор екендігін жақсы түсінеді.

Жандос Орынбасар, 66/37 әскери бөлімнің жедел мақсаттағы батальонының жауынгері:
-Жиында өзіміздің әскери шеберлігімізді шыңдап және де арнайы атыс қаруымен ату ережелерін үйрендік. Өзімізді ҚР-ның ержүрек азаматы ретінде сезіне білдік.

Қатардағы жауынгерлер ай сайын теориялық білімдерін іс жүзінде сынайды екен. Далалық жаттығу алаңына жедел мақсаттағы батальонның барлық жауынгері шығыпты. Осындай шара әскерилердің кәсіби икемін ұлғайтып, тапсырманы орындау кезінде жауапкершілікті сезінуге септеседі.  Бұл дайындық жедел мақсаттағы батальонның қызметін орындаумен тікелей байланысты. Ішкі әскерлер қоғамдық тәртіпті сақтау үшін кез-келген оқиғаға дайын болуы керек, сарбаздарымыз білген-түйгендерін осында пысықтайды дейді олардың командирлері . Сарбаздар   1 аптадай казармадан тыс далада болады. Мұнда бар жағдай жасалыпты. Елде, әлемде болып жатқан жаңалықтарды қалт жібермеу үшін теледидар, оқуларына қажетті жабдықтар әкелген. Тіпті дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін арнайы медпункт та бар.

 Айдана Демесінова