Аптадағы маңызды жаңалықтар

Астықты сақтау– басты мәселе

 Облыс әкімі Серік Біләлов алдымен ат басын “Сұлтан” АҚ элевоторына бұрды. Тәулігіне мұнда 100-ден артық жүк көлігі жеткізетін 2,5 мың тонна астық түсіріледі екен. Өңір жетекшісі элеватор директоры Идрис Карталдан қоймалардың сыйымдылығын сұрап білді.  Астық сақтау қоймаларына түскен барлық өнімнің 11 мың тоннасы сапалы 3-ші сұрыпты. Өзгесі 4-ші класты екен. Қабылдау зертханасының тексерісінен кейін тәулігіне ылғалдылығы 18 пайыздан асатын шамамен 1700 тоннаға жуық дымқыл бидай кептіру құрылғысына жөнелтіледі.  

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Үкіметтің қаулысы бойынша астық сақтау қоймаларындағы әр кептіру құрылғысының үздіксіз жұмысы үшін жеңілдетілген бағамен 2,4 мың тонна жанар-жағармай берілді. Бұндай қолдау “Сұлтан” АҚ элеваторына да көрсетілді. Сондықтан элеватор қосымша 40 тонна бидай қабылдай алады. Бұл АҚ жұмысы жақсы жолға қойылған.

Жиған астығын қайтіп кептіріп, сақтаймын деп жүрген агроқұрылымдарға мұнда бар жағдайлар жасалынған.

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– Сондықтан мына көрші аудандар Қызылжар, Мамлют, Есіл ауданы осы элеваторға бүгінгі күнде апаруға болады. Сондықтан барлық ауылшаруашылық қожалықтарына айтарымыз, бұл жұмысты тездетуіміз керек. Бүгінгі күнде ылғалдылығы 18-ден жоғарыларды элеваторларға кіргізу керек.

Аймақ басшысы «Петропавл-Астық» нан қабылдау кәсіпорының жұмысымен де танысты. 100 жұмысшы тәулігіне 2,5 мың тонна бидайды өңдеп үлгереді екен.

Сергей Посполита, “ХПК Петропавл-Астық” ЖШС директоры:
– «Петропавл-Астық» орақ науқаны басталғалы 51 мың тонна бидай қабылдады. Әлі 40 мың тоннаны сыйғыза аламыз. Сондықтан біз келісімге тұрған серіктестіктерге алаңдайтын себеп жоқ. Бар зертханалық жабдықтар астық қабылдауға 100 пайыз әзір. Дымқыл бидайды кептіретін үш бірдей агрегат үздіксіз жұмысқа әзір.

Оған қажетті 230 тонна жанар-жағармай жеңілдетілген бағамен алынып қойылыпты. Бидай төгетін алаңдарға асфальт жол төселіпті.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Аудан әкімдеріне осы «Петропавл Астық» ЖШС элеваторындағыдай жағдай жасауды тапсырамын. Келген көлік ұзын кезекте тұрмай, бидайды осы жерге төгіп кетеді. Есесіне ұзақ күнге бір емес, бірнеше рет келе алатын болады. Сонымен қатар элеватордан бос қайтпай, құрғақ дәнді тиеп әкетеді. Бұл қауырт маусымда ауадай қажет уақытты үнемдеудің бірден бір жолы.

Жалпы өңірімізде осындай сыйымдылығы 3 млн. 350 мың тонналық арнайы 50 астық қабылдау орны бар. Бүгінде олар 70 пайызға толық.

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
 – Корпорацияға бидай сатуға 22 элеватор жұмыс жасайды. Бірақ оның барлығы бүгінгі күнде аздау. Облыс әкімі Серік Сұлтанғазыұлы  бізге тапсырма берді, жалпы облыс бойынша тағы 56 элеваторды тізімге қосу керек.

Бұл күні өңір жетекшісі болған соңғы нысан Мамлют ұн үгу комбинаты. Ондағы өндірістік-технологиялық зертханада тұқымның ылғалдылығы, кілегейлігі, сапасы толық зерттеледі. Бар сараптаманы  инфротек құрылғысы аз уақыттың ішінде көрсетеді екен. Сондықтан элеватор алдында ұзын-сонар кезек жиналмайды. Бүгінде 145 мың тонна бидайды сақтауға шақталған қоймалар 100 пайыз толық. Десе де элеватор астық қабылдау жұмыстарын тоқтатқан емес.
 

Анатолий Шарамко,  “Мамлют ұн үгу комбинаты” ЖШС директоры:
– Біз бар мүмкіндіктерімізді пайдалануға тырысамыз. Ешкімді кейін қайтармаймыз. Бір амалын ойластырамыз. Қосымша30-40 мың тонна бидай қабылдайтын жағдайлар жасап қойдық. 6 кептіргіш құрылғы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Жанар-жағармай жеткілікті.  

Мамлют үн үгу комбинатының қызметіне өз диқандарынан басқа Қызылжар, Жамбыл аудандарының агроқұрылымдары да жүгінеді.

 Жеңіс Ермұқанов