Көлік және жолдар

Қысқа әзірлік байқауы

 

Қысқы уақытта қала көшелерін тазалау жұмыстарын сегіз кәсіпорын атқарады. Бүгінгі күні олардың техникалары дайын. Осы қыста қар жинауға 140 арнайы техника жұмылдырылмақ. 12 -сі үстіміздегі жылы сатып алынған.

Сейілжан Тастеміров, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімі секторының меңгерушісі:
-Бүгін қала көшелерін тазалайтын техникалардың қысқа әзірлігін байқап жатырмыз. Олардың барлығы дайын. Қыста қар жинаумен механикаландырылған 7 кәсіпорын, тротуарлардағы қарды қолмен жинаумен 1 кәсіпорын айналысады. Сонымен қатар қыста көшелерді көктайғаққа қарсы материалдармен өңдеу жұмыстарын жүргіземіз. Кәсіпорындардың қоймаларында сақтаулы.

Бүгінде көктайғаққа қарсы мың текшеден астам құм мен тұз қоспасы дайын. Осы жұмыстарды атқаратын негізгі кәсіпорын –  «Благоустройство – Север» ЖШС. Кәсіпорындағылар қыста қала көшелерін тәртіпте ұстауға 27 техника шығармақ.

Геннадий Иванов, «Благоустройство – Север» ЖШС директоры:
-Техника жеткілікті. Барлығы жөндеуден өтті. Мұнымен қатар 600 текше құм мен тұз қоспасын алдық. Қыста кез келген жағдайда жұмыс істеуге әзірміз.

Ал «СУ – 808» ЖШС –  көше тазалап, қар шығарумен айналысатын бас мердігер кәсіпорын. Серіктестіктің меншігіндегі 18 техника қысқа сақадай-сай. Үстіміздегі жылы мұндағылар жұмыс сапасын арттыру үшін тағы бір автогрейдер мен қар тиегіш сатып алған.

Виктор Ли, «Су – 808» ЖШС директоры:
-Барлық техника жарамды. Ешқандай қиындық жоқ. Қар түсісімен жұмысқа кірісуге толыққанды әзірміз. Өткен жылы біздің тарапымызға ешбір ескерту айтылмады. Биыл да осылай жұмыс істемекпіз.

Кәсіпорынның меншігінде тағы бір жаңа техника бар. Ол келесі жылы жазғы жұмыстарға жегілмек. Қазіргі заманғы техника жолдың бетіндегі ескі асфальтты түсіруге арналған. Ал бұл үгілген асфальтты кейін тағы іске жаратуға болады.

Айымгүл Әбілева