Қылмыс

Қылмыскер қалған өмірін темір торда өткізеді

 

 

Ауылдасының туған күнінен араққа тойып шыққан Шал ақын ауданына қарасты Ақан-Барақ ауылының тұрғыны Владимир Скоба көңілді кешін жалғастырмақшы болады. Ойын жүзеге асыру үшін араққұмар Игорь Белошенковқа барып 2 апта бұрын қарызға берген 500 теңгесін талап етеді. Борышкер ақшаны дәл қазір қайтара алмайтынын айтқан. Ішімдіктің буына қызып алған Владимир ашуға мінеді.

Бауыржан Баймурзин, қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы:
-Скоба кіреберісте жатқан темір құбырды алып Белошенковты соққыға алады. Бірнеше соққы басына тиіп, жапа шегуші алған жарақаттарынан есінен танып қалады. Владимир Игорьді үйдің ішіне сүйреп енгізіп, кеудесіне пышақ тығып өлтіріп тынады. Сол сәтте баспана иесімен бірге тұрып жатқан әйелдің Наргиз есімді 7 жастағы қызы еніп, өгей әкесінің қансырап жатқанын көріп сыртқа қаша жөнеледі.  

Владимир қанды оқиға куәгерінің соңына пышақ алып жүгіреді. 20 жасар жігітке кішкене қызды қуып жету қиындық тудырмады. Ол бірден Наргиздің мойнын суық қарумен тіліп жібереді. Апасының жан айқайын естіген 4 жастағы Шыңғыс ұйқыдан оянып жан даусымен жылап қоя береді. Екі адамның қанымен қолын былғаған айыпталушы балдырғанның кеңірдегіне пышақ салудан тайынбады. Кейін Владимир түк болмағандай үш адамның мүрдесін аттап, үйіне барып тәтті ұйқыға батқан. Түн жамыла үйіне оралған Гузел Досанова өгей әкесі, сіңлісі мен баласының қансырап жатқан сұмдық көрінісіне тап болады. Абырой болғанда 4 жасар Шыңғыс аман екен. Жарақаты өміріне қауіп төндірмеді. Тек есінен танып қалыпты. Балдырғанға дер кезінде медициналық көмек көрсетілді.  Екі адамның қанын мойнына жүктеп, үшіншісін өздігінен демала алмайтындай мүгедек еткені дәлелденсе де, Владимир кінәсін толық мойындаудан бас тартты. Қоғамды дүр сілкіндірген аса ауыр қылмыстың бар дәйектерін есепке ала отырып, сот үкім шығарды.

– Владимир Скоба жасаған қылмыстарына айыпты деп танылып, өмір бойы бас бостандығынан айырылсын. Жазасын ерекше тәртіптегі түзету мекемесінде өтесін. Темір тордың ар жағында маскүнемдігінен мәжбүрлі түрде емделетін болады.  

Сондай-ақ қылмыскер жапа шегуші жаққа 1 млн теңгенің моральдық шығынын өтейтін болды.

Гузел Досанова:
-Сот үкіміне көңілім толды. Тірі адам тірлігін қылу керек қой. Енді баламды емдеу керек. Шыңғысымның сауығып кетуі үшін қымбат ота қажет. Ондай операцияларды Қазақстанда жасамайды екен. Алдағы айдың соңында шетелден дәрігер келіп қарайды.

Жеңіс Ермұқанов