Білім

Қазақ тілінің үздік оқытушысы

 
 

 

 

«Қазақ тілінің үздік оқытушысы» республикалық байқауы елімізде 2008 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Оған біздің өңірдің мұғалімдері де белсенді түрде атсалысып отырады. Атап өтетіні, 2009 жылы бұл сайыс біз үшін үлкен жеңіспен аяқталған еді. Сол жолғы жарыста облыс намысын білікті оқытушы Рахат Әзімбаева қорғаған болатын. Ұлағатты ұстаз ерекше дәрісімен көзге түсіп, ІІІ орынды еншілеген. Бүгінгі сайысқа білікті маман төреші ретінде шақырылды.

Рахат Әзімбаева, СҚО әкімінің мемлекеттік тілді оқыту орталығының мұғалімі:
– Онда қатысатындар жай ғана қарапайым адамдар емес. Кандидаттар бар. Тәжірибесі мол ұстаздар келеді. Олардың ортасынан суырылып шығу оңайға түспейді. Бұл жерде мұғалім өзінің қаншалықты өскенін көрсетеді.

Енді міне республикалық додаға аттанып, аймағымыздың атын асқақтатар кезекті ұстаз таңдалуда. Биылғы сынға қатысуға облыстан 6 тіл білгірі ниет танытқан. Соның ішінде Дана Топышева да бар. Еңбек жолын осыдан үш жыл бұрын бастаған жас маман облыстық кезеңге тыңғылықты дайындалыпты. Әсіресе, жеке авторлық бағдарламасы өзгеше жоспармен жасалған.

Дана Топышева, СҚО әкімінің мемлекеттік тілді оқыту орталығының оқытушысы:
-Бұл сабақтың ерекшелігі – негізгі аудитория ересектер, мемлекеттік қызметшілер. Мультимедиялық тақтаны пайдалану арқылы мемлекеттік қызметшілердің күнделікті өмірінде қолданылатын сөз, сөз тіркестерін, яғни терминологиясын өз жұмыс барысында тиімді пайдалануға үйретемін.

Төрешілер облыс атынан республикаға баратын үміткерді қатаң сыннан өткізіп, таңдаймыз дейді.

Әсем Сүлейменова, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім бастығы:
-Егер де мына облыстық байқаудың үміткері республикалық жарысқа баратын болса, ол сонда   өзіне таныс емес аудиторияда сабақ беріп , өз сабағын қорғайтын болады.

Облыстық байқау қорытындысы бойынша бірінші орынға СҚО әкімінің мемлекеттік тілді оқыту орталығының оқытушысы Ләззат Исатаева лайық деп табылды.

 Гүлден Төлеген